Фото: Энергетика министрлігі
Министрлік дерегінше, жобаның бастапқы құны 8 трлн теңгеден асады. Құжат елдегі энергия тапшылығын жоюды, моральдық әрі физикалық тұрғыдан ескірген электр стансаларын жаңартуды көздейді. Жоспар инвестиция тарту, отын-логистикалық инфрақұрылымды дамыту және кадрлық әлеуетті күшейту секілді өзара байланысты бағыттарды қамтиды.
«Ұлттық жоба саладағы барлық бағыттарды кешенді әрі жан-жақты дамытуға арналған. Бұл – инвестиция тартудан бастап, отын-логистикалық инфрақұрылымды жетілдіру мен кадрлық әлеуетті нығайтуға дейінгі теңдестірілген тәсіл. Мұндай жүйелі қадам экономиканың мультипликативтік әсерін күшейтіп, елдің тұрақты дамуына қызмет етеді», деді Энергетика министрі Ерлан Ақкенжанов.
6 жаңа станса және жаңғырту жұмыстары
Ұлттық жоспар аясында 6 ірі энергетикалық нысан салу көзделген. Олар – Екібастұз МАЭС-3, Курчатов, Көкшетау, Семей, Өскемен және Жезқазған қалаларындағы жаңа стансалар. Бұған қоса, қазір жұмыс істеп тұрған Екібастұз МАЭС-2 мен Ақсу МАЭС-ін техникалық жаңғырту жоспарланып отыр.
Жаңа жобаларды іске асыру үшін инвесторлар ашық тендер арқылы таңдалады. Ал қолданыстағы стансаларды жаңарту министрлікпен жасалатын инвестициялық келісімдер негізінде жүзеге асады. Бұл тәсіл жобаның ашықтығын қамтамасыз етіп, ұзақ мерзімді келісімдер шеңберінде тарифтердің болжамдылығын сақтауға және инвестициялардың қайтарымдылығын қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.
«Таза көмір» және экологиялық тепе-теңдік
Министрліктің мәлімдеуінше, жобада «таза көмір» технологияларына ерекше басымдық берілген. Заманауи энергетикалық блоктар жоғары тиімділік коэффициентімен ерекшеленіп, экологиялық талаптарға жауап беруі тиіс.
«Біздің мақсат – моральдық және физикалық тұрғыдан ескірген қуаттарды кезең-кезеңімен тиімділігі жоғары, заманауи энергетикалық блоктармен алмастыру. Бұл экология талаптары мен энергетикалық қауіпсіздік арасындағы тепе-теңдікті сақтауға мүмкіндік береді», деді Е.Ақкенжанов.
Гидроэнергетикалық әлеуетті қалай арттырамыз? Елімізде бірыңғай цифрлық платформа құрылмақ
Көмір, теміржол және кадр мәселесі
Жаңа қуаттарды тиімді енгізу үшін көмір өндіру көлемін арттыру және теміржол инфрақұрылымындағы өткізу қабілеті шектеулі учаскелерді жою маңызды. Осыған байланысты министрлік көмір өндірісін ұлғайту мен теміржол желісіндегі «тар тұстарды» жою мәселелерін қатар қарастырып отыр.
Ұлттық жоспардың әлеуметтік бөлігінде де нақты тетіктер бар. Онда персоналды қорғау шаралары, сондай-ақ «Отбасы банкпен» бірлесіп, энергетика саласы қызметкерлеріне арналған арнайы тұрғын үй бағдарламаларын іске қосу көзделген.
Министрлік ұсынған барлық бастамалар мүдделі тараптармен жан-жақты пысықталғаннан кейін, көмір генерациясын дамытудың Ұлттық жоспары соңғы нұсқада бекітіледі. Бұл құжат Қазақстанның энергетикалық қауіпсіздігін нығайтып, алдағы жылдардағы тұрақты дамуына негіз болмақ.