Отырысты ашқан ҚХП Парламенттік фракциясының жетекшісі, Заңнама және сот-құқықтық реформа комитетінің хатшысы, Конституциялық реформа жөніндегі комиссияның мүшесі Магеррам Магеррамов Мемлекет басшысының бастамалары елді кезең-кезеңімен жаңа Конституция әзірлеуге алып келгенін атап өтті. Оның айтуынша, ұсынылып отырған жоба мемлекеттік басқару жүйесінің түбегейлі жаңаруын көздейді.
«Жоба еліміздің мемлекеттік саясатының жаңа бағдарын айқындайды. Бір палаталы Құрылтай құрылады, жаңа Жоғары консультативтік орган – Халық кеңесіне арналған жеке бөлім енгізіледі, сондай-ақ Вице-президент институты қалыптасады. Мұның барлығы мемлекеттік билік архитектурасының мүлде жаңа құрылымын жасайды», деді депутат.
Қазақстан Халық партиясы жаңа Конституция жобасын толық қолдайтынын білдірді. Спикерлер құжаттың адамға бағдарланған сипатын ерекше атап өтті. Жоба өмір сүру құқығын абсолюттендіруді, жеке тұлғаға қол сұғылмаушылығын, цифрлық жеке деректердің қорғалуын, сондай-ақ азаматтардың ар-намысы мен қадір-қасиетін және әлеуметтік құқықтарын, соның ішінде еңбек ету құқығын қорғауды күшейтуді көздейді.
Әлеуметтік зерттеу: Қазақстан халқының 85%-ы жаңа Конституция жобасын қолдады
ҚХП депутаты Ирина Смирнова партия ұстанымының өзегінде адам тұрғанын айтты.
«Біздің партия экономика адамға қызмет етуі керек екенін үнемі айтып келеді. Еңбек адамы – бұл ресурс та, бірлік те емес, ол – мемлекеттің негізі және күші», деді ол.
Конституция жобасының құқықтық мәніне Әділет вице-министрі Лаура Мерсалимова тоқталды. Оның сөзінше, жаңа редакция ел дамуының қазіргі кезеңін нақты бейнелейді.
«Азаматтардың құқықтары мен міндеттеріне арналған бөлімде құқық пен бостандықты қорғаудың нақты кепілдіктерін күшейтуге басымдық берілді. Бұл ретте халықаралық құжаттардың талаптары толық ескерілді», деді вице-министр.
Қазақстанның Азаматтық альянсы конституциялық реформаны қолдады
Жиын барысында Сенат депутаты Ғалиасқар Сарыбаев «Жаңа Конституция – ел дамуының жаңа кезеңі, қоғам сұранысы мен уақыт талабы» тақырыбында баяндама жасады. Мәжіліс депутаты Марат Башимов Ата заң жобасының құқық қорғау әлеуетін саралады. Астана халықаралық университеті Жоғары құқық мектебінің профессоры Исидор Борчашвили құжаттың стратегиялық бағыттарына тоқталса, Заңнама және құқықтық ақпарат институтының директоры Индира Әубәкірова жаңа Конституция шеңберінде қалыптасатын негізгі қағидаттар мен жалпыұлттық құндылықтарды ілгерілету мәселесін көтерді.
Сондай-ақ отырыста «Ассамблея жастары» республикалық қоғамдық бірлестігінің төрағасы Тимур Жұмырбаев, «Астана заңгерлер лигасы» заң консультанттары палатасының төрайымы Айнұр Абатова және Президент Іс басқармасы жанындағы Парламентаризм институты Жеке заңнама орталығының басшысы Юлия Костяная пікір білдірді.
Жиынды қорытындылаған Магеррам Магеррамов Конституция жобасына қоғамның белсенді қатысқанын атап өтті.
«Конституцияға қатысты пікір білдірмеген, бей-жай қалған бірде-бір адам жоқ. Ұсынылып отырған жобада Ата заңның әрпі мен рухының тепе-теңдігі қазіргі кезеңнің шынайы сұранысына сай сақталған», деді ол.
«Әділетті Қазақстан» қағидаттарына негізделген жаңа Конституция жобасы бойынша жұмыс алдағы уақытта да жалғасады.