Сурет: ratel.kz
Жаңа Конституция жобасының пайда болуы әдетте эмоциялық реакция тудырады, бұл – табиғи құбылыс. Өйткені қоғамдық санада Конституция көбіне тек құқықтық құжат ретінде емес, ең алдымен әділеттіліктің, билік шекараларының және жеке қауіпсіздіктің рәмізі ретінде қабылданады. Алайда эмоциялық әсерден алшақтап, мәтінді мұқият оқығанда құрылымдық әрі мазмұндық мәселелер айқын көрінеді. Жалпы алғанда, Конституция жобасы рәсімдерге, конституциялық бақылауға және жаңа цифрлық шындық жағдайында адамды қорғауға негізделген жаңартылған конституциялық архитектураны ұсынады.
Конституция жобасы нақты формуламен ашылады: Қазақстан – демократиялық, зайырлы, құқықтық және әлеуметтік мемлекет, ал ең жоғары құндылықтар – адам, оның өмірі, құқықтары мен бостандықтары. Бұл норма бүкіл мәтіннің жалпы бағытын айқындап, жеке бас бостандығының кепілдіктерінен бастап ақпаратқа қол жеткізу мен жеке өмірді қорғауға дейінгі ережелерге негіз болады.
Жобадағы маңызды өзгерістердің бірі – декларативті мақсаттарға қарағанда рәсімдердің басым болуы. 3 және 4-баптарда мемлекет миссия, идеал немесе болашақ бейне арқылы емес, қызмет қағидаттары, билік көздері және өкілеттіктерді беру тетіктері арқылы сипатталады. Мұндай тіл процедуралық мемлекетке тән, онда тұрақтылық харизмалық шешімдермен емес, институттардың жұмыс істеуін алдын ала айқындайтын ережелер арқылы қамтамасыз етіледі.
Конституция жобасында адамның жүйе алдында ерекше осал болатын жағдайларына айрықша назар аударылған. Ұстау және қамауға алу тек заңда белгіленген негіздер мен тәртіп бойынша, міндетті сот бақылауымен және шағымдану құқығымен жүзеге асырылатыны бекітіледі. Адамға бостандығын шектеудің себептері мен құқықтары түсіндіріліп, қорғаушыға қол жеткізу ең ерте кезеңнен қамтамасыз етілуге тиіс. Бұл нормалар саяси мәлімдемелер ретінде емес, еркін шешімдердің қаупін азайтып, құқық қолданудың болжамдылығын арттыруға бағытталған нақты ережелер ретінде маңызды.
Жеке өмірді цифрлық технологияларды ескере отырып қорғаудың тікелей бекітілуі – түбегейлі жаңа элемент. Жоба хат-хабардың, келіссөздердің, хабарламалардың, дербес деректердің және банк құпиясының қол сұғылмастығын бекітеді. Онда жеке өмірдің бүгінгі таңда тек физикалық кеңістікте емес, цифрлық ортада да жүзеге асатыны мойындалады. Алғаш рет Негізгі заң деңгейінде жеке өмір мен дербес деректерді қорғау цифрлық технологияларды қолданумен тікелей байланыстырылып отыр (21-бап), бұл –отандастарымыздың күнделікті өмірінің жаңа шындығына конституциялық нормаларды бейімдеудегі аса маңызды қадам.
Жобадағы ең практикалық нормалардың бірі – мемлекеттік органдар мен лауазымды тұлғалардың азаматтардың құқықтары мен мүдделеріне қатысты құжаттарға, шешімдерге және ақпарат көздеріне қол жеткізуді қамтамасыз ету міндеті. Негізінде қарапайым қағида бекітіледі: егер шешім саған қатысты болса, оның қандай негізде қабылданғанын білуге құқығың бар. Бұл ашықтықты арттырып, азамат пен мемлекет арасындағы сенімді нығайтады.
Жоба сөз бостандығын және цензураға тыйымды растай отырып, ар-намыс пен қадір-қасиетті, денсаулықты, құлықтылық және қоғамдық тәртіпті қорғауға бағытталған шектеулерді де белгілейді. Бұл көптеген құқықтық жүйеде қолданылатын тәсілге сай келеді: сөз бостандығы тек заң негізінде, заңды мақсаттар үшін және қажеттілік пен тепе-теңдік қағидаттарын сақтай отырып шектелуі мүмкін. Мұндай тепе-теңдік соттың бағалауына және құқық қолдану практикасына шешуші рөл береді.
Сонымен қатар Конституция жобасы барлық қоғамдық алаңдаушылықты бірден шешпейтінін түсіну маңызды. Бұл – мұндай ауқымды құжат үшін қалыпты жағдай. Конституция саяси пікірталасты немесе қоғамдық талқылауды алмастыруға арналмаған. Ол барлық қоғамдық қатынасты егжей-тегжей реттемейді және ағымдағы құқық шығармашылығын алмастырмайды. Оның міндеті – негізгі қағидаттарды, билік архитектурасын белгілеу, шешім қабылдау рәсімдерін бекіту және мемлекеттің араласу шектерін, сондай-ақ адам құқықтары мен бостандықтарының базалық кепілдіктерін айқындау. Ал нақты шешімдер заңдар, заңға тәуелді актілер және сот практикасы деңгейінде қалыптасады.
Жоба мемлекеттіліктің іргелі параметрлерін – егемендік, тәуелсіздік, аумақтық тұтастық және басқару нысанын тікелей бекітеді. Бұл саяси жағдай өзгерген сайын қайта қаралмайтын құндылықтардың бар екенін білдіреді. Президенттік мандаттың болжамдылығы да ерекше атап өтіледі: өкілеттік мерзімі жеті жыл болып белгіленіп, бір ретпен шектеледі және бұл норма өзгермейтін деп көрсетіледі.
Маңызды жаңалықтардың бірі – Конституциялық соттың рөлін күшейту. Алғаш рет азаматтарда өз құқықтары мен бостандықтарына тікелей әсер ететін нормативтік шешімдерге шағымдануға мүмкіндік беретін тікелей конституциялық құрал пайда болады. Бұл – елеулі өзгеріс. Енді мемлекетпен дауларды көше арқылы емес, құқықтық жүйенің ішінде шешу ұсынылады.
Жалпы алғанда, жаңа Конституция жобасы жоспарсыз әрекеттен гөрі ережелерге негізделген мемлекетке көшуге ұмтылыс ретінде көрінеді. Онда рәсімдер нақтыланып, конституциялық бақылау күшейтіледі, цифрлық шындық ескеріледі және институттардың болжамдылығына басымдық беріледі. Сондықтан жобаны қоғам болып талқылаудың маңызы зор. Конституциялық мәтін форматты айқындайды, ал оның нақты мазмұны заңдардың сапасына және оларды қолдану практикасына байланысты болады.
Айгүл ЗАБИРОВА,
Президент жанындағы Қазақстан стратегиялық зерттеулер институтының бас ғылыми қызметкері