«AlgaBioTech» орталығының негізін қалаушы, әрі жетекшісі – биология ғылымының докторы, профессор Болатхан Заядан. Әлемнің көптеген ғылыми зерттеу институтында микробалдырлар мен цианобактерияларды өсіретін биобанктер кең таралған. Профессордың айтуынша, олардың 20-ға жуығында мәлімет базасы немесе штамм тізімі интернет арқылы әрі коммерциялық негізде ғана қолжетімді. Ал елімізде фототрофты микроорганизмдер коллекциясының ресми тіркелген биобанкі жоқ. Құнды қосылыстардың продуценттері микробалдырлар мен цианобактериялардың жоғары өнімді штамдарының генофондын сақтау үшін коллекцияның биобанкін құру уақыт күттірмейді. Өйткені әлемде күрделі экологиялық ахуал белең алып отыр. Мұндай жағдайда ғалымдардың ізденісі мен зерттеулері флора мен фаунаны сақтап қалуда айтарлықтай маңызға ие.
Осы фотобиотехнология зертханасының базасындағы фототрофты микроорганизмдердің экологиясы және биотехнологиясы бағытындағы ғылыми зерттеулер, профессор Болатхан Қазыханұлының бастамасымен қолға алынған. Бүгінде олар әлемдегі ең ірі ғылыми орталықтарымен бірлесіп, зерттеу жүргізеді. Қазір профессордың жетекшілігімен қолданбалы зерттеулерде пайдалану мақсатында микробалдыр, цианобактерия коллекциясының биобанкін құру және олардың биотехнологиялық әлеуетін зерттеу бағытында ғылыми жобалар іске асып жатыр. Бұл жобаларды теңдесі жоқ бастама деуге негіз бар. Өйткені бастама фототрофты микроорганизмдердің генетикалық қорын сақтау мен оларды биотехнология мен биоөндіріс саласында тиімді пайдалануға жол ашады.
Орталықта «AlgaBioTech» ғалымдары құрған микробалдырлар дақылдарының (ССKazNU) коллекциясы бар. Бұл коллекцияда еліміздің түрлі экожүйелерінен бөлініп, шетелдік ғылыми орталықтардың коллекцияларынан енген 60-тан аса микробалдыр мен цианобактерия штамдары сақталған. Қазір зертханада микробалдыр, цианобактерия дақылдарының биотехнологиялық әлеуеті «Қолданбалы зерттеулерде пайдалану үшін микробалдырлар мен цианобактериялар коллекциясының биобанкін құру және олардың биотехнологиялық потенциалын зерттеу» жобасы аясында зерттеліп жатыр.
Профессордың сөзінше, цианобактериялар мен микробалдырлар бактерияға, саңырауқұлаққа, цитотоксикалық, иммуносупрессивті және аллергияға, сондай-ақ вирусқа қарсы белсенділік көрсете алатын түрлі биологиялық қасиетімен танымал.
Сондай-ақ орталықта фототрофты микроорганизмдер биотехнологиясы саласында мол тәжірибесі бар Ә.Сәдуақасова, Н.Ақмұханова, Ф.Сәрсекеева, Д.Кирбаева, К.Болатхан, М.Бауенова секілді ғалымдар бірнеше гранттық жобаны жүзеге асырып жатыр. Мәселен, биология ғылымдарының кандидаты Нұрзия Ақмұханова микробалдырлар мен цианобактериялар биотехнологиялық әлеуетіне қатысты зерттеулерге жетекшілік етеді. Оның айтуынша, бұл ағзалар топырақта, суда кездеседі. Цианобактериялар фотосинтез, азот фиксация үдерістеріне қатысады. Сондықтан олардың осы әлеуетін пайдаланып, топырақтың құнарлығын арттырып, азотпен қанықтыру мақсатында топырақ пен судан таза дақыл ретінде бөліп алу үрдісі өте маңызды. Яғни ғалымдар олардың биологиялық үдерістерін бақылау арқылы тыңайтқыш ретінде қолдануға бола ма деген сауалға жауап іздейді. Бүгінде әлем ғалымдарын цианобактериялардың токсин бөлу үрдісі алаңдатады. Ал профессор-зерттеуші Әсемгүл Сәдуақасованың жетекшілігімен іске асып жатқан жоба ауыл шаруашылығы өсімдіктерінің тұрақтылығын арттырып, олардың өнімін көбейтетін альгобактериялық биологиялық препараттар өндіру технологиясын жасау мен жетілдіруге бағытталған. Сонымен қатар PhD, доцент Фариза Сәрсекееваның ғылыми жетекшілігімен цианобактерия штамдары негізінде ауыл шаруашылығында қолдануға арналған органикалық биотыңайтқыштар мен өсімдік өсімін реттейтін биостимулятор алу бағытындағы гранттық жобаның болашақта зор пайдасы болмақ.
АЛМАТЫ