Сондай жобаның бірі – газ турбиналы электр стансасы. Мұнайлы өңірдегі ең ірі энергетикалық жобаның құрылысын қаржыландыруға Қытай елінің инвесторы да үлес қосып отыр. «Hualin Energy LTD» компаниясының коммерция жөніндегі директоры Мағжан Бекмұсаның айтуынша, жоба екіжақты әріптестік туралы меморандум аясында қолға алынған, құрылысын үш кезеңмен жүргізу көзделген. Алғашқы кезеңде қуаты 250 МВт құрайтын нысан салынады. Нысанды осы жылдың соңына дейін аяқтау жоспарланып отыр. Ал электр стансасы 2029 жылы толық іске қосылады.
«Ірі энергетикалық жоба облыс экономикасын дамытуға елеулі серпін береді. Құрылыс барысында 1 000-нан астам жұмыс орны ашылады. Нысан толық пайдалануға берілгеннен кейін 300-ге жуық тұрақты жұмыс орны құрылады. Қазір дайындық жұмыстарының негізгі бөлігі аяқталды. Арнайы мамандар топографиялық түсірілімдер жүргізіп, инженерлік-іздестіру жұмыстарын орындады. Облыс әкімдігі жан-жақты қолдау көрсетіп отыр. Құрылыстың негізгі кезеңі наурыз айында басталады», деді Мағжан Бекмұса.
Оның пікірінше, жобаны іске асыру үшін Атыраудағы электр энергиясына сұраныс зерттелген. Қазір өңірде электр энергиясына қажеттілік артып тұр.
«Жобада жаңа технологиялық шешімдер бар. Әсіресе экологияға зиян тигізбеуіне баса мән берілді. Өйткені ауада жанып тұратын газды заманауи технологиялардың көмегімен электр энергиясына айналдыруға мүмкіндік мол. Соның нәтижесінде өндірілетін электр энергиясының өзіндік құны қолданыстағы тарифтерден төмен болады. Тарифі төмен энергия өңірдің қажеттілігін қамтамасыз етуге, жаңа өндірістік жобаларды іске асыруға пайдаланылады», деп мәлім етті ол.
Атырау облысы