Пікір • Бүгін, 08:35

Конституциялық реформа: пайым мен парасат

30 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Ата заңның жаңартылған нобайы қоғамда кең ауқымда пікірталас тудырып отыр. Азаматтық қоғамның мүшесі ретінде конституциялық реформа төңірегіндегі пікірталас­тарды тұрақты назарда ұстауға тырысамын. Бір байқағаным, әлеуметтік желіде көбіне саяси режім мен мемлекеттілік ұғымының ара-жігін ажырата алмайтындар пікір айтып жатады. Сол себепті де бұл кейде негізгі мақсаттан тыс дәйексіз дауға ұласады.

Конституциялық реформа: пайым мен парасат

Сурет: instagram.com/rizzmans/

Бірі конституциялық нормаларды тек қана қазіргі билікке қа­рым-қатынасы тұрғысынан баға­­лап, режімге қатысы жоқ, бірақ мемлекеттіліктің негізі саналатын ережелерді сынап жатса, екіншісі саяси режімді реттейтін нормаларды мәңгілік, қол сұғуға болмайтын нәрсе деп теріс түсіндіріп отыр.

Бұл екеуі, негізінен, мемлекет құрылымының әртүрлі дең­гейлері. Саяси режім – құбыл­малы. Ол белгілі бір кезеңдерде күшеюі, әлсіреуі, реформалануы немесе кері шегінуі мүмкін. Қазақстан тарихында мұндай өзгерістер болды және бұл қалып­ты саяси үдеріс саналады.

Ал мемлекеттілік – кез келген режімнің іргетасы. Оған еге­мендік, аумақтық тұтастық, институттардың сабақтастығы, мемлекеттің шешім қабылдау мен жүзеге асыру қабілеттері кіреді. Бұл іргетасты жоғалту салыстырмалы түрде оңай болғанмен, оны қайта қалпына келтіру аса күр­делі, кей жағдайда тіпті мүмкін емес.

Осыған байланысты консти­туциялық нормаларды «бұл нақты кезеңде қолданыстағы би­лік­ті күшейте ме?» деген өл­шем­мен бағалау дұрыс емес деп есеп­теймін. Билік те, саяси тұлғалар да уақыт өте өзгереді. Ал мемлекет тарихи тұрғыда жеке тұлғалардан да, саяси кезеңдерден де ұзақ өмір сүруге тиіс. Конституция – бір ғана саяси кезеңге арналған құрал немесе сол кездегі жағдай­ға қарай қабылданатын құжат емес. Сондықтан қоғамдық пікір­таластар барысында біз саяси режімнің параметрлерін талқылап отырмыз ба, әлде мемлекеттіліктің іргелі негіздерін қарастырып отырмыз ба – осыны нақты айыра білу қажет.

Назар аударатын бір жайт, ұсы­нылған жобада «Заң мен тәр­тіп» қағидаты айқын көрсетілген. Жалпы, халықаралық тәжірибеде идеологиялық бағдарлар мен жүйе құраушы ұстанымдарды Конс­титуцияға бекітуге жол бері­­леді. Мұндағы басты шарт – олар­дың құқықтық норма­лар­­дың орнын баспауы. Жаңа Конс­титуция жобасында, тұтас­тай алғанда, бұл тепе-теңдік сақтал­ған. Әлеуметтанулық зерттеулер отандастарымыздың заңдылық пен тәртіп мәселелеріне баса назар аударып келе жатқанын көрсе­тіп отыр. Былтыр жүргізіл­ген ҚҚДИ зерттеуіне сәйкес, респонденттердің 67,6%-ы Пре­зидент Қасым-Жомарт Тоқаев бас­тамашы болған «Заң мен тәртіп» қағидатымен таныс екені белгілі болды.

Жаңа жобада өзгеріс көп. Бә­ріне тоқталу мүмкін емес. Деген­мен «шынайы тежемелі әрі тепе-тең жүйе орнату – басты мақсат» дейтін болсақ, «Президент – Парламент», «Парламент – Үкімет» қатынастарын жеке-жеке қарастыру қажет деп ойлаймын. Мәселен, Президент ұсынған кандидаттарды Құрылтай екі мәрте кері қайтарған жағдайда, Президенттің Құрылтайды тарату құқығы көзделген. Бұл тетік тепе-теңдіктен гөрі бір тараптың басымдығын күшейтетіндей әсер қалдырады. Негізінде, біздің сая­си тә­жірибемізде уақыт өте келе ұмыт қалған, бірақ институцио­налдық тұрғыдан әлдеқайда әді­летті бір тәсіл болды. Жаңағыдай институционалдық тығырыққа тірелгенде, екі тарап та қайта сай­лауға түсетін. Меніңше, осы нағыз тежемелі механизм. Бұл тәсіл екі жақты ымыраға итермелейді. Ал егер ымыра болмаса, тәуекел туын­дайды. Демек, жауапкершілік те жоқ емес. Әрине, нақты шешім референдум арқылы қабылданады. Сондықтан жобаны әлі де кеңінен талқылауға мүмкіндік бар.

 

Риззат ТАСЫМ,

Қазақстан қоғамдық даму инс­титуты  Қоғамдық үдерістерді зерттеу орталығының басшысы

Соңғы жаңалықтар