Басылым • Бүгін, 08:25

Ақ зер әлемнің алтын тілләсі

10 рет
көрсетілді
9 мин
оқу үшін

«Фолиант» баспасынан арасына он жыл салып сурет өнеріне арналған қос том шығарған Жеңіс Кәкенұлын суретші ғана емес, қазіргі уақыт өлшемімен альтруист ретінде де танимыз. Энциклопедия сипатты танымдық қос кітап жазудың сыры неде, ол кәсіби суретшіге не береді? Жеңіс Кәкенұлы қазақ халқының бейнелеу әлемін суретші көзімен бағалауды шынымен мақсат тұтқаны сананы ауысып кеткен құндылықтар жаулап алған дилетанттық дәуір үстемдігіне наразылығынан бұрын биік өнерге асқан сүйіспеншілігінен туғаны айқын. Жас ұрпақтың санасын эстетикалық сұлулыққа тарту, текті мұрат-мүддеге баулу ұлтқа қызмет етудің шынайы үлгісі саналады. Ол суретші мен көрушінің тандемін қалыптастыруға мүдделі.

Ақ зер әлемнің алтын тілләсі

«Ақ зер» кітабы маған қалай әсер етті әрі қандай идеялар тудырды? Жазу мен сызу өнері егіз, мақсат-мұрат, панорама әрі тақырыбы ортақ ақын-жазушылар мен суретшілер бір-біріне зәру екені дау­сыз. Екі өнер бір-бірін құнарландырып, толықтыра түсуге тиіс. Кітап мазмұнын сурет өнері керім бедерлесе, суретші қауым көркем әдебиеттен нәр алып, ой өрісі дамып, қиялы шалықтай түседі. Міне, ғажап тандем! Ең әуелі елімізде мұндай іргелі еңбек болашақта иллюс­трация жанрының өркендей түсуіне бас­тайды деп үміттенемін. Балалары кітап оқитын озық ұлтқа айналу үшін көркем мәтінмен қоса сурет өнері қатар келуі аса маңызды.

Семейлік ақын Мұратбек Оспанов «Прозаны оқымайды ақындар» деп жыр жазғаны шындықтан алшақ кетпейді. Құстың қос қанатындай қатар біткен поэзия мен проза бір-біріне селқос қарағанда, суретші Жеңіс Кәкенұлы бейнелеу өнерінен тыс қолжазба сөз өнеріне терең бойлап, эссеистика жанрында мұқият қалам ұстауы мадаққа бек лайық. Қазақ халқының рухани есеюі, ұлттық мәртебені өсіретін осындай мезеттерді қамтиды.

Кеңес заманында басталса да, бізде кенжелеп, ойсырап тұрған сала – иллюс­трация. Жазушылар және суретшілер өз әлемінде жеке-дара жасап жатыр, өзара байланыс аз, тандем жоқ, бір-біріне қайырылуға мұршасы, дәлірегі, қаржылық мүмкіндігі жоқ болар. Балалар әдебиетін безендірудің қас шебері Латиф Қазбеков өзге мәдениеттің бағына туған қазақ екен. Қазіргі заманғы иллюстрация жанрының қас шебері Лиза Айсато болса, оған сериялық суреттерге тапсырыс беру үшін Батыс Еуропа мен Америка жазушылары кезекке тұрады. Жеңіс Кәкенұлы менің «Қоңырқаз» атты әңгімемнің желісімен 40 шақты сурет салды, өзі бірнеше дана шығарды, әйткенмен бұл жоба әзірге эскиз күйінде.

Суретшілер туралы суретші­нің табанды түрде талмай зерттеп жазуы өркениеті озық өзге жұрт­ты қайдам, дәл біздің қазақта жоқтың қасы. Жеңіс Кә­кенұлы бұл ретте бірегей автор. Сурет­шінің әдебиет әлемін терең білуінің өзі қисапсыз қазына. Автор өзі айтқандай, игерілмей жатқан сурет өнерінің айтулы тұлғаларын елге таныта түсу үшін бейнелеу өнерінің ішінен бөлек қос тіккені – ерекше мәрттік құбылыс. Ертеректе «Буырқанған бояулар» атты эсселер кітабын белгілі сөз шебері Жарылқап Бейсенбайұлы жарыққа шығарды, басым бөлігі шетелдік суретшілерге арналған және қазақтың үш тұлғасы бар.

 «Ақ зер» – Жеңіс Кәкенұлының «Менің суретшілерім» сериясымен шыққан циклдік екінші кітабына (2023) 18 шебер енген, суретшілер, зергер, гобеленші, мүсіншілер. Орал Таңсықбаев, Әбубәкір Ысмайылов, Ғалым Қаржас, Ғани Баянов, Райгүл Ахмет­жанова, Алпысбай Қазғұ­лов, Батухан Бәймен, Мұрат Сыдықов, Еркін Нұразхан, Ера­лы Оспанұлы, Берік Әлібай, Сержан Баширов, Зейнелхан Мұхамед­жан, Вячеслав Люй-Ко, Сембіғали Смағұлов, Құттыбек Жақып, Федор Васильев, Михаил Врубель.

Олар туралы қызыға оқып шығып, шығармашылық ерекше­ліктеріне мән беріп, бұрын біле қоймайтын шеберлерді таныдым. Автор әрбір портрет – әр суретшінің кескінін графиктік үлгіде бейнелеп, сөзбен ғана емес, сурет арқылы қосарлай беруі  әріп­тестеріне деген шынайы қа­дір-құрметін танытып қана қой­майды. Мұншалық ыстық ықы­лас жан жомарттығы емей не!

Зер – қымбат металл, алтын тіллә. Екінші мағынасы зейін, ықылас, көңіл, қазақ зер салды дейді. Кітап атауы дөп, автор қыруар ақыл-ой, ынта-жігерін қос кітапқа төгіп, қазақтың интел­лектуалдық қоржынын толтырды. Айналып келгенде, өзі үшін емес, жұртшылық үшін тер төкті. «Көгеріс өрнек салу» деген сөзді алғаш рет жыл бұрын өмірден озған график суретші Нұрбұлан Өтепбаевтан естіген едім. Ескіде көгерген шөп, гүл бейнесін оюлап өрнектеуді айтса керек.

Назерке қызым кәсіби суретші бол­ғасын соңғы онжылдықта сурет әле­міне, иллюстрация салуға есім кете қы­зығатын болдым, түп себебі үйдегі кескіндеме өнері энергетикасы – сурет, мүсін өнеріне қажетті құралдар, небір бояулардың таңғажайып әсері екен. Сынықтан басқаның бәрі жұғады деп бекер айтпаса керек. Бірақ бұл – мен үшін ұсын­сам қол жетпес киелі өнер. Өз басым 12 суретшінің шығармашылық портретін жаздым, онда V курс­та жеке сурет көрмесі өткен өз қызым да бар, соның бірі Жеңіс Кәкенұлы («Жылқы бекзат жануар». «Қазақ әдебиеті», №8. 21.02.2014; А.Кемелбаева. «Папирус», 2020). Жеңістің өз шығармашылығында таңбалы тас элементтері, сана түпкіріндегі түйсік, тектік қасиеттер мол көрініс тапқан, графика мен кескіндемені қатар иемденген. Жапанға біткен жануар, мүйізі көкке шаншыла біткен тур – жабайы бұқалар бейнесін салады, Торғай даласының атауы содан шыққан деседі. Қазақстанның сурет өнерінің әлемге таралу жолдарын, бұл салада істеліп жатқан мемлекеттік істерді автор сөз басында айтып өткен. Бейнелеу өнерінде жүйесіздік меңдеп бара жатыр деп қынжылады. Теориялық талдау, зерттеу жазу үшін сырт көзден гөрі сол саланың маманы жазғаны ғанибет. Суретшінің суретшілер туралы жазуы – мұқият көру, детальдарды қалт жібермеу, бейнелеу өнерін ашатын сөздік қор, әр суретшінің эпос­тық қарымын, фольклорлық зердесін, мифтік ойлау жүйе­сін, классикалық, сюрреалистік, модерндік қолтаңбасын анық тану. Жеңістің сөз саптауында жыраулар сарыны бар. Автор риторикалық сауал­дармен жазады. Ол Ералы Оспанұлының қолтаңбасын былай сипаттайды: «Жан торсық төңкерілгені қандай, тасбақаның домалағаны қалай? Қарғаны ителгі тебе ме, аттары кісінеп, көкке үні жете ме? Жақтың адырнасы үзіліп, қорқауды ілбісін жара ма?». Суретші-зергер Берік Әлібайдың шығармашылығын талдауда қазақ халқының күміссіз күн көрмеген баяғы қазыналы әлемі көзге елестейді. Сембіғали Смағұловтың төрт ат жеккен мүсіні Даши Намдаковтан несі кем? Қыршын жас Федор Васильев классикалық орыс әдебиетін қылқалам құдіретімен толықтыра түскені ғажап. Дү­ниеде Николя Октав Тассар сияқты біз білмейтін небір керемет суретшілер бар. Ойшылдық қасиетін тани түсіп, Жеңіс Кәкенұлын оқу арқылы түйгенім, баяғыда сүйегі қурап қалған нағыз суретшілерді құдай қаласа, уақыты келгенде бұқара халыққа қайта ашатын суретшілердің нақ өздері болып шықты.

Солтүстік Кипрден шыққан миллионер Суат Гюнсель мырза Жерорта теңізінің жағалауында Никосияда «Қа­зіргі заман өнер музейін» тұрғызып, жүздеген қазақ суретшісін өз қаржысына шақырып, музей қорына картиналар салғызып алғанын Жеңіс Кәкенұлы сүйінішпен жазады. Демеушілік неден туады? Ой аристократиясынан, сана бекзаттығынан туады. Меценат, Атымтай Жомарт сияқты аттары өшпейді, олар жарлылық меңдеп, жарты лашықта қор болған қас дарындарды жарты әлемге танытуға бастайды.

«Ақ зер» атты қос кітап танымал суретші Жеңіс Кәкен­ұлының теңдесі жоқ қайрат­керлігі деп қабылдаймын.

 

Айгүл Кемелбаева,

жазушы

Соңғы жаңалықтар

Қаратау қазынасы қисапсыз емес

Экономика • Бүгін, 08:55

Агросаладағы ауқымды жобалар

Шаруашылық • Бүгін, 08:40

Мұғалім жұмыссыз қалмайды

Қоғам • Бүгін, 08:37