Саясат • 03 Ақпан, 2026

Әділетті Қазақстан мен технологиялық серпілістің іргетасы

10 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Премьер-министр Олжас Бектенов Ұлттық ғылым академиясының мүшелері, мемлекеттік органдар басшылары, бірқатар облыс әкімдері мен бизнес-қоғамдастық өкілдерінің қатысуымен ғылым мәселелеріне арналған кеңес өткізді. Жиында ғылыми жобаларды жүзеге асыру, ғылым мен нақты сектор арасындағы кооперацияны нығайту, сондай-ақ Ұлттық ғылым академиясының әлеуетін экономиканың түрлі саласын дамытуға тарту бағыттары кеңінен талқыланды.

Әділетті Қазақстан мен технологиялық серпілістің іргетасы

Президенттің экономиканы цифрлық трансформациялау жөніндегі тапсырмаларын орындау аясында ғалымдарды қолдау, ғылым нәтижелерін өндіріске енгізу мен инновациялық шешімдер­ді ілгерілету мәселелері күн тәртібіне шықты. Кеңесті ашқан Премьер-министр жаңа Конституция жобасын қоғамға ашық әрі нақты түсіндірудің маңызына тоқталып, құжатта елде жүріп жатқан сая­си әрі экономикалық өзгерістердің, соның қатарында білім, ғылым және инновация саласындағы басымдықтардың айқын көрініс тапқаны туралы айтты.

«Ата заңның жаңа жобасы – болашаққа бағдарланған прогрессивті құжат. Онда адам мен оның құқықтары, бостандығы мемлекеттің негізгі басымдығы ретінде жария етілді. Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Заң мен тәртіп» үстемдік құрған, «Әділетті әрі таза Қазақстанды құру» идеясы халықтың кең қолдауына ие болып отыр. «Күшті Президент – ықпалды Парламент – есеп беретін Үкімет» тұжырымдамасы саяси жүйенің тұрақтылығы мен сабақтастығын нығайта түседі», деді О.Бектенов.

Жаһандық өзгерістер, жоғары техно­логиялардың қарқынды дамуы мен «орта державалар» рөлінің артуы жағ­дайында конституциялық реформаның уақтылы әрі стратегиялық маңызы бар қадам екені баса айтылды. Талқылау барысында ғылыми қауымдастық өкілдері жаңа Конституция жобасын қолдап, ғылымды мемлекеттің тұрақты дамуының өзегі ретінде шоғырландыру қажеттігіне назар аудартты.

Ұлттық ғылым академиясының прези­­денті Ақылбек Күрішбаев жаңа Конс­титу­ция жобасы адам құқықтары мен бос­тан­дық­­тарын бекітіп қана қоймай, елі­міз­дің ұзақ­­мерзімді ғылыми-техно­логия­лық дамуы­ның берік негізін қалып­тасты­раты­нын айтты. Ал академик Вячеслав Локшин ме­ди­ци­­на ғылымының дамуы ұлттық қауіп­сіздік пен ор­ны­қты денсаулық сақтау жүйе­сін ны­ғай­ту­­дың негізгі факторы екеніне тоқта­­лып, ғы­лымды стратегиялық ресурс ретінде тану­дың ма­ңыздылығы жөнінде пікір біл­дірді. Осы тұрғыда жасанды интеллект, үлкен де­рек­тер, цифрлық диагностика мен теле­ме­­ди­цина бағыттарын дамыту өзекті екені айтылды.

Кеңес барысында ғылымның эко­номи­каға қосатын үлесін арттыру мә­селе­лері де қозғалды. Мемлекет ғылы­ми әзірлеме­лерді қаржыландыруға жұм­са­латын шы­ғыс­тарға 300%-ға дейін салы­қтық жеңілдіктер ұсынып, жер қой­науын пайдаланушылардың өндірістік шығыс­тарының 1%-ын ҒЗТКЖ-ға бағыттау тетігін енгізді. Кейінгі үш жылда ғылымды қар­жы­лан­дыру көлемі 3,5 есеге артып, биыл 214 млрд теңгеге жетті. Мемлекет басшысы бұл көр­сет­кішті 2029 жылға қарай ІЖӨ-нің 1%-ына жеткізу міндетін қойған.

Премьер-министр отандық ғылымның тиімділігін, инвестициялық тартымды­лығы мен ашықтығын арттыру бағытында жүйелі жұмыс жүргізіліп жатқанын атап өтіп, Ұлттық ғылым академиясы елдің стратегиялық дамуын қамтамасыз ететін негізгі зияткерлік орталыққа айналуға тиіс екенін айтты.

Ақылбек Күрішбаев экономикаға ғылыми әзірлемелерді жедел енгізуге бағытталған бірқатар бастама ұсын­ды. Академия форсайтты жоспарлаудың тұрақты құралына айналып, өңірлік және салалық деңгейде ондаған сессия өткізіп, перспективалық міндеттер мен ғылыми-техникалық тапсырмалар әзірлегені мәлім болды. Бұған қоса ғылым мен технологиялар жөніндегі өңірлік кеңестердің ғылыми-инновациялық дамуды басқарудағы маңызы ерекше екені айтылды.

Салалық министрліктер нақты нәтиже­лерді таныстырды. Өнеркәсіп және құрылыс министрі Ерсайын Нағаспаев тау-кен металлургия кешенінде кейінгі бес жылда 150 млрд теңгеге жуық инвестиция салынып, 1,5 мыңнан астам жоба жүзеге асырыл­ғанын жеткізді. Агроөнеркәсіп кешенінде отандық селекцияның 743 сұрпы тіркеліп, егіс алқаптарының шамамен 60%-ы отандық тұқымдармен қамтамасыз етіліп отыр.

Өңірлер де ғылыми-инновациялық эко­жүйені дамытуға қатысты ұсыныстарын ортаға салды. Ақтөбе мен Шығыс Қазақстан облыстарының әкімдері зертханалық базаны нығайту, технологиялар трансферті мен халықаралық ғылыми ынтымақтастықты кеңейту жөніндегі жоспарларын таныс­тырды. Бұған қоса Ерлан Батырбеков, Асқар Жұмаділдаев секілді ғалымдар ғылыми әлеует­ті шоғырландыру, атом энергетикасы қауіпсіздігі, радиоэкология және материалтану салаларын дамыту қажеттігін атап өтті. Жиын қорытындысында Үкімет басшысы бірқатар нақты тапсырма берді.

Соңғы жаңалықтар

Несие алу неге қиындады?

Қоғам • Бүгін, 17:38