Медицина • 02 Ақпан, 2026

Ақпан қан тапсыру айы деп жарияланды: Ақмарал Әлназарова қан доноры болды

40 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Жалпыұлттық әлеуметтік бастамаларды қолдау аясында Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова ақпан айын – өтеусіз қан донорлығы айы деп жариялады, деп хабарлайды Egemen.kz.

Ақпан қан тапсыру айы деп жарияланды: Ақмарал Әлназарова қан доноры болды

Бұл бастама ерікті, өтеусіз донорлық мәдениетін дамытуға, сондай-ақ қоғамдағы жауапкершілік, өзара көмек және гуманизм құндылықтарын нығайтуға бағытталған.

Қан донорлығы – бұл жай ғана бір реттік акция емес, өмірді құтқаруға, денсаулық сақтау жүйесін қолдауға бағытталған, сондай-ақ ерікті түрде қатысу, жанашырлық пен жауапкершілік сияқты асыл құндылықтарға негізделген тұрақты қоғамдық қозғалыс болмақ.

Мәйіттік донор бүлдіршіннің өмірін аман алып қалды

«Мемлекет басшысы волонтерлар форумында атап өткен «Таза Қазақстан» акциясы – бұл тек қоршаған ортаның тазалығы ғана емес, сонымен қатар әрбір азаматтың жүрек тазалығы, жауапкершілік сезімі мен қоғам игілігі үшін қосқан үлесі. Ерікті қан донорлығы осы құндылықтармен толық үндеседі. Ақпан айында еліміздің барлық өңірлерінде ақпараттық-түсіндіру шаралары, тақырыптық акциялар, донорлармен және серіктестермен кездесулер ұйымдастырылып, қан орталықтарында арнайы бағдарламалар өткізу жоспарланып отыр. Бұл іс-шараларда жастарды тартуға ерекше көңіл бөлінеді», деп атап өтті министр.

Осы акция аясында кез келген азамат жақсылық жасауға ниет білдіріп, өз өңіріндегі қан орталығына барып, ерікті түрде қан тапсыра алады.

Қазақстан Орталық Азиядағы жаңа донор ретінде таныла бастады

Бүгін Денсаулық сақтау министрі елордалық қан орталығында донор болып, донорлық қозғалыстың маңыздылығын жеке үлгісі арқылы көрсетті.

Қазақстанда жыл сайын 180 мыңнан астам азамат донор атанып, олар жалпы алғанда қан мен оның компоненттерін 250 мыңнан астам рет тапсырады.

Көкшетау тұрғыны донор болып анасын құтқарып қалды

Жыл сайын 80 мыңнан астам пациентке қан компоненттері құйылады, ал жалпы трансфузиялар саны жылына шамамен 400 мыңға жетеді.

Соңғы жаңалықтар