Оқиға • 27 Қаңтар, 2026

Жаркенттегі қатыгездік: Баласын аяусыз ұрған әйел 7 жылға сотталуы мүмкін

70 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Жетісу облысы Жаркент қаласында баласын байлап қойып, аяусыз ұрған 28 жастағы әйелге қатысты тергеу Қылмыстық кодекстің 110-бабының 2-бөлігі (азаптау) бойынша жүргізіліп жатыр. Аталған баптың санкциясы 4 жылдан 7 жылға дейін бас бостандығынан айыруды көздейді. Тергеу кезеңінде күдікті сот шешімімен қамауға алынды, деп хабарлайды Egemen.kz.

Жаркенттегі қатыгездік: Баласын аяусыз ұрған әйел 7 жылға сотталуы мүмкін

Фото: Ашық дереккөз

Жетісу облыстық полиция департаментінің мәлімдеуінше, қажетті тергеу әрекеттері жүргізіліп жатыр. Бірқатар сот сараптамалары, соның ішінде сот-психиатриялық сараптама тағайындалған. Процессуалдық шешім сараптама нәтижелері алынғаннан кейін және тергеу әрекеттері аяқталған соң қабылданады.

Туған баласына зорлық көрсеткен әйел тұрмыста және күйеуімен бірге екі ұлды тәрбиелеп отыр. Балалардың біреуі – 4 жаста, екіншісі – 2,5 жаста. Әлеуметтік желілерде тараған видеода әйелдің 4 жастағы ұлын ұрып жатқан сәті көрініс тапқан. Әйел танысының үйінде қонақта болған. Ұлын суды өшіруді ұмытып кеткені үшін аяусыз сабаған. 

1

Сондай-ақ балалардың әкесіне қатысты да қылмыстық іс қозғалғаны белгілі болды. Оған кәмелетке толмаған баланы тәрбиелеу міндеттерін орындамау айыбы тағылып отыр. Заңнамаға сәйкес, ер адамға ірі көлемде айыппұл салу, қоғамдық жұмыстарға тарту, немесе 3 жылға дейін бас бостандығын шектеу немесе айыру жазасы қолданылуы мүмкін.

Қазір екі бала Талдықорған қаласындағы балалар мекемелерінің бірінде тәрбиешілер мен дәрігерлердің бақылауында. Билік органдары әйелді ата-ана құқығынан айыру мәселесін қарастырып жатыр.

Соңғы жаңалықтар