Оқиға • 22 Қаңтар, 2026

Шымкенттегі жас қыздың өлімі: Іске немқұрайды қараған полицейлерге қылмыстық іс қозғалды

60 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

21 жастағы студент Нұрай Серікбайдың өлімі қоғамда резонанс туғызды. Алайда аталған іске полиция қызметкерлері немқұрайды қараған. Енді сол іске қатысы бар полицейлерге қылмыстық іс қозғалып отыр. Бұл туралы Сенат кулуарында Ішкі істер министрінің орынбасары Санжар Әділов мәлімдеді, деп хабарлайды Egemen.kz

Шымкенттегі жас қыздың өлімі: Іске немқұрайды қараған полицейлерге қылмыстық іс қозғалды

20 қаңтар күні Қызылордада өткен Ұлттық құрылтайдың V отырысында Мемлекет басшысы кісі қолынан қаза тапқан Нұрайдың оқиғасына қатысты пікір білдірді. Аталған мәселеге Президент назар аударып, ІІМ мен Бас прокуратураға тікелей бақылау жасауды тапсырған еді. Іле-шала Нұрай Серікбайдың өліміне қатысты қылмыстық іс қозғалды.

ІІМ орынбасары Санжар Әділовтің айтуынша, тергеу жәбірленуші мәжбүрлі некеге қатысты арызбен жүгінген кезде істі тіркемеген полиция қызметкерлеріне қатысты жүргізіліп жатыр.

«Немқұрайдылық бойынша қылмыстық істің қозғалуына, ең алдымен, қызметтік міндеттеріне сәйкес жәбірленушінің мәжбүрлі некеге қатысты өтінішін тіркеу бойынша тиісті шаралар қабылдамаған лауазымды тұлғалар тартылады. Біз қазір осыны анықтап отырмыз. Жәбірленушінің арызын қабылдамай, істі номенклатуралық тәртіппен есептен шығарған лауазымды тұлғалар теріс себептермен жұмыстан босатылды», деді ол.

Санжар Әділовтің сөзінше, ең алдымен жауапкершілік аудандық полиция басқармасының лауазымды тұлғаларына жүктеледі. Сондай-ақ тергеу аясында қалалық полиция департаменті басшылығының әрекеттеріне де құқықтық баға беріледі.

Марқұм Нұрай Серікбайдың ағасының айтуынша, күдікті ұзақ уақыт бойы оның қарындасын аңдып, сталкингпен айналысқан. БАҚ-та тараған мәліметтерге сәйкес, ол қызға тұрмысқа шығуға ұсыныс жасаған. Алайда қыз келісімін бермегеннен кейін, оны мәжбүрлі түрде алып қашқан. Кейін Нұрайды туыстары қайтарып әкелген. Осыдан соң полицияға арыз жазылғанымен, қылмыстық іс қозғалмаған.

Нұрай Серікбай 11 қаңтар күні Шымкентте пышақ жарақаттарынан қаза тапты. Әлеуметтік желіде тараған бейнежазбаларда қыздың қашуға тырысқаны, кейін қарсылық көрсеткені, ал күдіктінің оны ұрып, пышақ сұққаны көрінеді. Одан кейін күдікті оқиға орнынан қашып кеткен.

13 қаңтар күні полиция 28 жастағы күдіктіні қаладан 10 шақырым жерде ұстады. Ер адам уақытша ұстау изоляторына қамалды.

Кейін Шымкент қалалық полиция департаменті күдіктінің қамауға алынғанын хабарлады.

Соңғы жаңалықтар