Республикалық тасжолдарда «КАЖсервис» ШҚОФ ЖШС қардан аршып әлек. Олардың 103 техникасының 96 пайызы кез келген уақытта жолға шығуға дайын. Ал, облыстық бағыттарда «ОблШығысЖол» ЖШС-нің 119 техникасы тынымсыз қызмет атқарып жатыр. Аудандық жолдар мен ауыл көшелерінде 584 техника тұрғындардың қауіпсіз қозғалысын қамтамасыз еткен.
Боран күшейіп, жағдай күрделене қалса, іске қосылатын 185 бірлік қосымша техника, сондай-ақ ауыр бульдозерлер мен автогрейдерлерден құралған жедел жасақ бар. Жол үстінде қалған жүргізушілер де назардан тыс қалмайды. Климаттық жағдайы қиын аумақтарда жол пайдалану пункттері мен жылыту орындары жұмыс істеп тұр. Мұнда жолаушылар жылынып, демалып, қажетті көмек ала алады.
Қысқа дайындық алдын ала басталған. Жолдарға көктайғаққа қарсы материалдар себіліп, 100 тонна техникалық тұз, мыңдаған сигналдық бағаналар мен жол белгілері әзірленді. Қар жиі басатын және көшкін қаупі бар учаскелерде арнайы қалқандар орнатылып, алдын алу жұмыстары жүргізілді.
«Биыл қатты қар мен көрінудің төмендеуіне байланысты жолдар уақытша жабылған сәттер де болды. Алайда, барлық жағдай бақылауда ұсталып, орташа жабылу уақыты 10 сағаттан аспады, көбіне түнгі мезгілде жаптық», деді Жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасы басшысының міндетін атқарушы Ернар Маулетханов.
Айтқандай, 1 қарашадан бастап облыс жолдары тәулік бойы бақылауда. Жол қызметтері, полиция және төтенше жағдайлар органдары бірлесіп, жолдағы ахуалды БАҚ пен мессенджерлер арқылы халыққа жедел жеткізіп отыр.
Астанаға қалың қар түсті: тазалау жұмыстарына 3 мың адам жұмылдырылды