11 мың көрерменге арналған бұл арена былтыр «Ордабасы» мен «Тобыл» арасындағы Қазақстан кубогінің финалында ашылған болатын.
Tengrinews.kz стадион тексерісіне қатысты Туризм және спорт министрлігіне сауал жолдаған. Ол мәлімет бойынша нысан құрылысына 20,9 млрд теңге жұмсалған. Алайда тамыз айында Қызылорда облысының әкімдігі бұл соманың 26,5 млрд теңгені құрайтынын хабарлаған.
«Қайсар Арена» стадионына УЕФА өкілдерінің инспекция жүргізуі биылғы жылдың сәуір айына жоспарланған. Министрлік стадион кемінде III халықаралық санатты алады деп үміттеніп отыр.
Халықаралық санат тек стадионның сапасына ғана емес, қаланың инфрақұрылымына да байланысты беріледі. Оның ішінде мынадай міндетті шарттар бар:
- Тұрақты халықаралық рейстері бар әуежайдың болуы;
- Командалар мен ресми тұлғаларға арналған бірнеше бес жұлдызды қонақүй;
- Заманауи оқу-жаттығу базалары мен алаңдары.
Қызылорда облысы әкімдігі стадион туралы сайттарға шыққан ақпараттар жалған екендігін жеткізді. Әкімдіктің мәліметінше, стадион Қазақстан футбол федерациясы тарапынан лицензияланып, УЕФА Time бағдарламасына 4-санаттағы стадион ретінде енгізілген. Сәйкесінше, УЕФА инспекциясын өткізу сәуір – мамыр айларына жоспарланған.
«УЕФА мәліметіне сәйкес, стадион 4-ші санатты талапқа толықтай сәйкес келеді. Стадионның ойын алаңы ФИФА тестілеуінен өтіп, ең жоғары деңгей — FIFA QUALITY PRO сертификатын иеленді. Осыған байланысты, «Kaysar Arena» стадионында ірі көлемдегі матчтар мен халықаралық жарыстарды өткізуге толық мүмкіндік бар. Айта кетейік, жаңа стадион УЕФА-ның ресми сайтында енгізілген», деп түсіндірді әкімдік.
Еске сала кетейік, «Қайсар Арена» – Қазақстан тәуелсіздік алғаннан бері салынған үшінші стадион («Астана Арена» мен «Түркістан Аренадан» кейін). Еліміздегі осы үш жаңа аренаның барлығына да жасанды көгал төселген.