Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі «Қаржылық орнықтылықты қамтамасыз ету және сауықтыру үшін мемлекеттік бюджеттің, Қазақстан Республикасы Ұлттық қорының, Ұлттық банктің және оның еншілес ұйымдарының қаражаты пайдаланылатын екінші деңгейдегі банктің пайданы бөлу, жай және артықшылықты акциялар бойынша дивидендтер есептеу, өз акцияларын кері сатып алуды жүргізу, сондай-ақ екінші деңгейдегі банктің ірі қатысушысының, банк холдингінің екінші деңгейдегі банктің акцияларын тікелей және жанама иелену және пайдалану және оларға билік ету үлесін азайту шарттарын бекіту туралы» агенттік басқармасының қаулысын әзірледі.
Қаулының жобасы «Қазақстан Республикасындағы банктер және банк қызметі туралы» Қазақстан Республикасы заңының жаңа редакциясының 6-бабының 3-тармағын орындау үшін әзірленді және теңгерімінде мемлекеттік қолдау қаражаты бар екінші деңгейдегі банктерге қолданылады.
Қаулының жобасы банктерді мемлекеттік қолдау қаражатын қайтару жөніндегі міндеттемелерді мерзімінен бұрын орындауға ынталандыруға бағытталған және екінші деңгейдегі банктердің пайданы бөлу, жай және артықшылықты акциялар бойынша дивидендтер есептеу, өз акцияларын кері сатып алуды жүргізу шарттарын, сондай-ақ ірі қатысушылар мен банк холдингтері тарапынан банктің акцияларын тікелей және жанама иелену үлесін азайту шарттарын белгілейді.