Президенттің айтуынша, бүгінде бүкіл әлем күрделі кезеңді бастан өткеріп жатқанымен, Қазақстан тұрақты даму қарқынын сақтап отыр.
«Қазір бүкіл әлем күрделі кезеңді бастан өткеріп жатыр. Соған қарамастан еліміз жақсы қарқынмен дамып келеді», деді Мемлекет басшысы.
Ол өңдеу өнеркәсібі, құрылыс және көлік-логистика салалары экономиканың негізгі қозғаушы күшіне айналғанын атап өтті.
«Өңдеу өнеркәсібі, құрылыс, көлік-логистика салалары дамудың қозғаушы күшіне айналды», деді Президент.
Қасым-Жомарт Тоқаевтың мәлімдеуінше, жыл қорытындысы бойынша ел экономикасының өсімі 6 пайыз деңгейінде болады деп болжанып отыр. Ал жан басына шаққандағы ішкі жалпы өнім 15 мың доллардан асады.
«Жыл қорытындысы бойынша экономикамыз 6 пайызға өседі деп болжанып отыр. Ал жан басына шаққанда ішкі жалпы өнім 15 мың доллардан асады. Жүйелі түрде жүргізіліп жатқан ауқымды жұмыс өз нәтижесін беруде», деді ол.
Президент қазіргі кезеңді ел өміріндегі бетбұрыс сәт деп бағалады.
«Біз қазір ел өміріндегі тағдыршешті реформалар кезеңіне қадам бастық», деді Мемлекет басшысы.
Оның айтуынша, бұл өзгерістердің маңызын мемлекеттік аппараттың барлық буыны, бірінші басшыдан бастап қарапайым қызметкерге дейін, терең түсінуі қажет.
«Бүкіл мемлекеттік аппарат, бірінші басшыдан қарапайым қызметкерге дейін мұны терең түсінуі керек. Бұрын-соңды болмаған маңызды міндеттерді жүзеге асыру үшін жоғары қарқын мен бастамашылық таныту қажет», деді Президент.
Қасым-Жомарт Тоқаев батыл, дәстүрлі шеңберден шығатын, бірақ ақылға қонымды шешімдер қабылдаудың маңызын атап өтті.
«Батыл, шеңберге сыймайтын, бірақ ақылға қонымды шешімдер қабылдаған жөн», деді ол.
Сондай-ақ Мемлекет басшысы мемлекеттік қызметте жауапсыздық пен жалқаулыққа жол берілмейтінін қадап айтты.
«Мемлекеттік қызметте жалқаулыққа, жұмысқа жауапсыз қарауға орын жоқ», деді Президент.
Ол халыққа формалды есеп емес, нақты нәтиже қажет екенін баса айтты.
«Халыққа әдемі есеп емес, нақты іс керек. Сондықтан барлық басшы мен лауазымды тұлғадан елге пайдасы бар жұмыс талап етемін», деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Президент сөзін алда атқарылатын міндеттердің ауқымы кең екенін атап өтумен түйіндеді.
«Алдымызда атқаратын міндет көп», деді Мемлекет басшысы.