Мысалы, «үзеңгі бауы сегіз қабат, ат үстінде шіреніп» сынды тұрақты тіркестер, «Алтын ерің аттың арқасына тисе, алтынын ал да отқа жақ», «Атыңа жаның ашыса, шап айылын қатты тартып мін» деген аталы сөздер де ерекше күтімнің белгісін білдіреді. Яғни ата-бабаларымыз ат әбзелдерінің жылқыға жайлы да көзге көрікті болғанын қалаған.
Алдыңғы буынның жылқыға сүйіспеншілігін білдіретін ат әбзелдеріне деген өзгеше көзқарасына бүгінгі буын куә болып келеді. Түркістандағы «Әзірет Сұлтан» мемлекеттік тарихи-мәдени қорық-музейінде ерекше көрменің ашылуы да бабалар мұрасын ұрпаққа аманат етудің бір көрінісі дер едік. Көрмені ұйымдастырушылар Елбасы Н.Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласында айтылған – «жаңғыру жолында бабалардан мирас болып, қанымызға сіңген, бүгінде тамырымызда бүлкілдеп жатқан ізгі қасиеттерді қайта түлетуіміз керектігін» басшылыққа алыпты. Музейге қарасты Қожа Ахмет Ясауи кесенесінің «Кітапхана» бөлмесінде қойылған «Тұлпар сұлу көрінер әбзелімен» көрмесінде халқымыздың бай тарихы жайлы баяндайтын, көздің жауын алатын жәдігерлер көпшілік қауымға ұсынылды. Еліміздің барлық облыстарынан және Алматы мен Астана қалаларынан Халықаралық «Ясауитану» байқауына қатысушы оқушылар мен ұстаздар көрменің алғашқы көрермені болды. Осындай игі шаралар ұлттық қолөнерiмiздi насихаттауға, салт-дәстүрлерiмiз, тiлiмiз бен дiнiмiз, мәдениетiмiз бен әдебиетiмiз, жөн-жоралғыларымыз, бiр сөзбен айтқанда, ұлттық рухымызды бойымызда мәңгi сақтауға септігін тигізері сөзсіз. Ата-бабадан кейiнгi ұрпаққа мирас болып келе жатқан рухани дүние, өнер туындыларын, яғни мәдени мұраны кеңінен насихаттауды мақсат еткен көрмеде ат әбзелдері мен бабаларымыздың тұрмысынан сыр шертетін көне бұйымдар арасында ескі қорымдардан табылған заттар да бар. Тұрмыстық, сәндік, жауынгерлік мақсатқа орай пайдаланылып отырған ат әбзелдерінің сан түрі қазақ халқының тұрмысы жылқы малымен байланысып жатқанын білдіреді. Көрме ұйымдастырушыларының айтуынша, археологиялық бірегей бұйымдар қалпына келтірілмей, сол күйі қойылған.
Ғалымжан ЕЛШІБАЙ,
«Егемен Қазақстан»
Оңтүстік Қазақстан облысы