Бизнес • 27 Сәуір, 2017

Инвестицияны шикізаттық емес секторға да тартатын уақыт жетті

182 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

«Kazakh Invest» ҰК» АҚ-ның мемлекеттік органдармен және инвесторлармен өзара іс-қимыл жасауы, мақсаты мен міндеттері туралы қоғамның басқарма төрағасы Мақсат Қабашев айтып берді.

Инвестицияны шикізаттық емес секторға да тартатын уақыт жетті

«Kazakh Invest» - бұл тек қана жаңа атау емес, сондай-ақ, бұл тұтас бір парадигманың пайда болуы. Инвесторлар - біздің басты назарымызда. Біз жаңа инвесторларды тартамыз, сонымен қоса бұрынғыларын да ұмытпаймыз. Біз оларға не керек екенін білеміз, және олардың дәл осы Қазақстанда жұмыс істегендерін қалаймыз. Kazakh Invest-тің негізгі қағидасы – ешкімге кедергі келтірмей, көмек көрсету», - деді М. Қабашев.   

Ол «Kazakh Invest» Қазақстан Үкіметі атынан халықаралық инвестициялық қоғамдастықпен байланыстар орнатып, оларды нығайту бойынша бірегей келіссөз жүргізуші әрі бірыңғай орталық ретінде іс-қимыл жасайтынын атап өтті. 

Осыған орай  «Kazakh Invest»-тің басты функционалдық міндеті – шетел инвесторына тұтастай қолдау көрсету, яғни идеядан бастап, Қазақстанда өндіріс орнын ашып, одан кейін экспортқа шыққанына дейін қолдау көрсету, өзгеше айтқанда – инвестициялық жобаның бастан-аяқ іске асырылғанына дейін сүйемелдеу жұмыстарын жүргізу.

«Бұл ел экономикасына инвестициялар тартудың барынша тиімді, ұтымды және бизнеске бағдарланған форматына ауысу дегенді білдіреді», - деді басқарма төрағасы.

Сонымен қатар, шарада Дүниежүзілік Банктің инвестициялық ахуал мәселелері жөніндегі кеңсе басшысы Нимак Иван инвестициялар тарту бойынша Ұлттық инвестициялық стратегия жобасын таныстырды. 

«Экономиканы әртараптандыру үдерісін жеңілдету үшін инвестиция түрлері өзгертілуі тиіс. Олар шикізаттық немесе табиғи ресурстарға ғана шоғырланбай, инвестициялардың басқа түрлеріне қарай жылжуы тиіс: сапалы және сандық. Біз экономикалық өсім мен жаңғыртуды қамтамасыз ету үшін әлдеқайда тиімді инвестицияларды іздейміз», – деп атап өтті өз баяндамасында Н.Иван.Оның айтуынша, инвестициялар тарту және ұстап қалу бойынша Ұлттық стратегия Қазақстанда ТШИ әртараптандыру және тиімділікті арттыруға бағытталған қосымша құны жоғары инвестициялар үлесін арттыру бойынша Жол картасы болып табылады.

Дүниежүзілік Банк өкілі стратегиялық мақсаттарға өзара байланысты үш тәсілді пайдалану арқылы қол жеткізілетінін айтты: инвестициялардың жаңа түрлерін тарту, қазіргі ТШИ-ден түсетін пайданы арттыру, стратегиялық жекешелендіруді жүргізу және МЖӘ пайдалану.

Стратегияның басымдықтары ретінде Н.Иван үш бағытты белгіледі: инвестициялық ахуалды жақсарту бойынша реформалар, халықаралық нарықтарда инвестицияларды ілгерілету және жайғастыру, жекешелендіру және МЖӘ.



Соңғы жаңалықтар