Елордалық жолаушылар көлігі басқармасының мәліметтеріне сәйкес, Астанада заңсыз тасымалдаушылардың көлік құралдарының техникалық жағдайы нашар, басым бөлігі тоқсаныншы жылдардан бері пайдаланылып келеді.
Тексеру жүргізу барысында тасымалдаушыларда көлік құралына техникалық байқау мен азаматтық-құқықтық жауапкершілікті міндетті сақтандыру болмай шықты, сондай-ақ, қажет рұқсат құжаттар мен келісулер де табылмады. Қолданыстағы заңнаманың талаптарына сәйкес, әр жүргізуші міндетті түрде рейс алдында медициналық тексеруден өтуге тиіс, бұл да көлік қауіпсіздігін қамтамасыз етудің басты шараларының бірі болып табылады.
ҚР Инвестициялар және даму министрінің 2015 жылғы 26 наурыздағы №349 бұйрығымен бекітілген Автокөлік көлігімен жолаушылар мен жүктерді тасымалдау ережелеріне сәйкес, автокөлікпен жолаушылар мен жүктерді тасымалдауға Астана қаласының Жолаушылар көлігі басқармасымен ресми келісімдерге отырған жеке кәсіпкерлер мен заңды тұлғалар жіберіледі.
Ал заңсыз тасымалдаушы аталған заңнаманың нормаларын бұзады, Астана қаласының әкімдігімен келісімсіз жұмыс істейді, салық заңнамасының талаптарына сәйкес салық төлемейді, жолаушылар ағыны көп бағыттарды таңдайды.
Осы орайда Астана қаласының Жолаушылар көлігі басқармасы елорда тұрғындары мен қонақтарын қалааралық жолаушылар тасымалымен айналысатын заңсыз тасымалдаушы жүргізушілердің қызметін пайдалану қауіпті екенін ескертеді. Сондай-ақ, тәуекелдер мен ауыр салдарды болдырмау үшін азаматтарға жүйелі тасымалдаушылардың қызметін пайдаланып, билет сатып алу арқылы «Сапаржай» автовокзалы арқылы сапарға шығуға кеңес береді.