Театр • 26 Сәуір, 2017

«Аяулы махаббат» операсын сахналады

138 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Елордамыздағы Қазақ ұлттық өнер университетінде композитор Серікжан Әбдінұровтың «Аяулы махаббат» атты операсының тұсаукесері өтті.

«Аяулы махаббат» операсын сахналады

Бас кейіпкер Ақсәуле рөлін Мәдина Айдарбекова орындаса, жастық өрлігімен, сырбаздығымен сүйкімі артқан композитор Нұртуғанды Сұлтан Бақытжан бейнеледі. Кейіпкерлердің психологиялық мінездері мен жекелеген көріністерін жеткізуде Мирхан Тілеулес, Ардақ Төлепбергенов, Ниматилла Зкрлаев үлкен ізденіс үстінде екендіктерін танытты. 

Қойылымның либреттосын жазған Тілеуғазы Бейсембек болса, режиссері Юрий Толчко, операны орындаушылар – ҚазҰӨУ студенттері мен университет колледжінің симфониялық оркестрі.

Әдетте адами жылы сезімдер мен махаббат туралы айтқанда көз алдымызға әсем Алматының келе қалуы заңдылық сияқты көрінеді. Мұндай жаймашуақ көңіл-күй мен мамыражай ойын-күлкіден Астана да кенде емес екен. Көптеген вокалдық шығармалардың авторы Серікжан Әбдінұров Астана қаласында өрбитін оқиға негізінде жандары шынайылықты сүйетін жастардың жарқын бейнесін жасапты.

Бейтаныс шаһардың тыныс-тіршілігінен хабарсыз Нұртуғанды пойыздан түсе қалғанда-ақ елорданың ию-қию иірімі дереу иіріп әткен-ді. Өмір сүруге құштарлық, достық сияқты ізгі сезімдер, бақыт жайлы армандар композитордың партитурасында керемет көрініс тапқан.

– Опера Астананың бүгінгі келбеті мен жастар тақырыбына арналған. Тарихи тақырыптарды жырлайтын опера, балет, симфониялар жетерлік. Осы себепті Астана тақырыбына шығарма арнауды жөн көрдім. Өзім 1999 жылы мұнда алғашқылардың бірі болып келгенмін. Қала көз алдымда күн сайын өсіп келеді. Астана жастарының тыныс-тіршілігі, олардың жүрек қағысы, лебі, осының барлығы мен үшін басты назарда, – деді С. Әбдінұров.

Оқиға желісі бойынша Нұртуған мен Ақсәуленің махаббатына Айастан деген жігіт барлық жан-тәнімен қарсы шығады. Осыдан үшбұрышты шиеленіс басталады. Дегенмен спектаклді «Абай», «Біржан – Сара», «Қыз Жібек» сияқты шығармалардың терең композициялық құрылымымен салыстыруға келмейді. Автордың өзі мұны аталмыш туындының тарихи-қаһармандық жанрдан алшақ болуымен түсіндіреді. – Қазіргі заман болған соң, оқиғаны трагедияға айналдырмай, барлығын бейбіт шешуге тырыстық, – дейді ол.

Опера синтезді жанр болғандықтан, оркестр, драматургия, хореография және бейнелеу өнерінің (декорация, костюм) жиынтығынан туады. Музыканың екпіні мен динамикалық ырғағын тап басып, ансамбль үйлесімін шашау шығармай ұйыстыра білген дирижер Дамир Сансызбай, тұтас операны ойнап шығудың қиын тұстарына тоқталып өтті:

– Шығармаға жарты жыл бойы дайындалдық. Алғаш рет университет студенттерінің орындауымен сахналанып отыр. Әр вокалиспен жеке-жеке жұмыс істедік, – дейді дирижер.

Операда орнындаушылық өнердің орны бөлек. Образ сомдауда актерлік шеберлік маңызды компоненттердің бірі. Деседе тұсаукесер барысында вокалдық партияны орындаушылар дауысының көркемдік сапасы мен күшінің музыкалық тұрғыда кейбір ескерілмей жатқан тұстарын симфониялық оркестр іліп әкетіп, көмкеріп кетіп отырды. Әрине, талайларды таңқалдырып жүрген «Астана Опера» театрының атшаптырым сахнасының жаңашыл, сәні мен салтанаты жарасқан бай декорациясына үйреніп қалған бізге әуелгіде студенттік сахна тым жұпыны көрінгені рас. Дегенмен театрдағы маркетинг туралы айтқанда Мадридтегі «Реал» Корольдік театрының тәжірибесі еске түседі. 60 пайыз мемлекеттік тараптан қаржыландырылатын өнер ордасына қажет қаражаттың қалған бөлігі демеушілер көмегімен жиналады. Опера – жекеленген мәдениеттер арасын жақындастыра түсетін кездесу алаңы екенін ескерсек, Корольдік опера театрының демеушілермен жұмыс стратегиясының осы бір тұсы біздің азаматтарды да ойландырса дейміз.



Ая ӨМІРТАЙ, 

Суретті түсірген Ерлан ОМАРОВ,

«Егемен Қазақстан» 


Соңғы жаңалықтар

«Спартак» тағы да жеңілді

Спорт • Бүгін, 11:55

Бүгін ауа райы қандай болады?

Ауа райы • Бүгін, 10:42