«Астана ЭКСПО-2017» Ұлттық компаниясы мен Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі арасында өткен жылы серіктестік келісіміне қол қойылған болатын. Жиында осы келісімді одан әрі бекітіп, жұмысты жандандыра түсу жайы сөз болды. «Астана ЭКСПО-2017» ҰК» АҚ қызметінің ашықтығын қамтамасыз ету, сондай-ақ, жемқорлықты жоюға ықпал етуде әлеуметтік жауапкершілікті арттыру үшін екі жақты тығыз қарым-қатынаста жұмыс істеу мәселесі талқыланды.
Ұлттық компания Басқарма төрағасы Ахметжан Есімов аталған құжат дер кезінде қабылданып, өз тиімділігін көрсеткенін атап өтті. Құжат сындарлылық пен ашықтық қағидаларына негізделген бірлескен және келісілген әрекеттерді жүргізу арқылы ынтымақтастықтың тиімділігіне мүмкіндік туғызды.
А.Есімовтің айтуынша, жасалған келісім бас мердігерлер арасындағы жауапкершілікті арттыра түсті. Ұлттық компания жасасқан барлық шарттарда ескерілген жемқорлыққа қарсы талаптар осындай келісімдерге қол қою кезінде қатерлерді азайтуға мүмкіндік туғызды.
Сонымен қатар, тауарлар, жұмыс пен қызмет көрсетуге деген бағаны белгілеуді күшейтуге бағытталған шаралар қолға алынып, операциялық қызметті қоспағанда, ЭКСПО нысандарының құрылысы барысында 302 млрд теңге үнемделді. Қазақстандық қамту өсіп, жұмыс орындары сақталып, жаңа орындар (50 мың) ашылып, отандық өндіріске (53,2 млрд теңге сома көлемінде тауар сатып алынды) қолдау көрсетілді.
Өз кезегінде Қайрат Қожамжаров Ұлттық компанияның қазіргі жетекшілігі қызметінің айқындығын атап өтті.
«Әріптесімізге ынтымақтастық үшін алғысымды айта отырып, барлық қабылданып жатқан шаралар арқасында заңдылықты сақтау ісінде ешқандай келеңсіздіктер орын алмайтынына сендіргім келеді», деді жемқорлыққа қарсы қызметтің жетекшісі.
Динара БІТІКОВА,
«Егемен Қазақстан»