фото: instagram.com/olympics
Астана уақытымен сағат 23:55-тен бастап бәсекенің тұсаукесер кешін еліміздің 4 телеарнасы − Qazaqstan, Qazsport, «Хабар» және Jibek Joly тікелей эфирде көрсетеді.
Ұлттық құрамалар шеруінде Мемлекеттік туды Денис Никиша (шорт-трек) мен Аяулым Әмренова (фристайл-могул) ұстап шығады.

Айта кетейік, ашылу рәсімі 4 локацияда қатар өтеді. Денис Милан қаласында, ал Аяулым шаңғы жарыстары өтетін Ливиньо коммунасындағы рәсімде болады. Салтанатты кештің тақырыбы Armonia (итальян тілінен аударғанда «гармония», «үйлесім») деп аталады.
Сондай-ақ биыл Олимпиада алауы алғаш рет 2 тұста тұтанады. Олар: Миландағы салтанат қақпасы мен Кортина-д’Ампеццодағы Пьяцца Ди-бона алаңы.
Милан-Кортина Олимпиадасында ел намысын 10 дисциплинада 36 спортшы (18 ер, 18 әйел) қорғайды. Жалпы додаға 93 мемлекеттен 3000-ға жуық атлет қатысады. Олар 16 бағдарламада 116 медаль жиынтығын сарапқа салады. Олимпиада 22 ақпанда мәресіне жетеді.
