Қазақстан • 05 Сәуір, 2017

​Көктемді қондырып қанатына...

1110 рет
көрсетілді
9 мин
оқу үшін

Сол жылы қыс қатты болды: құдасына келген қытымыр шалдай сарыжамбастанып жатып алды, атан түйені жел шайқады, жем-шөбі таусылған малшыны шер шайқады, жуан жіңішкерді, жіңішке үзілді. Көпшілік «шықпа, жаным, шықпамен» әр күнін азаппен өткеріп жатты.

​Көктемді қондырып қанатына...

Қасат қардың көбесі сөгіле қоймаған күндердің бірі еді, анам даладан үйге қуана кірді. 

– Көктемнің алғашқы хабаршысы – нәурізек келіпті, – деді.

Бұл бізге «алыстағы әкелерің келіпті» дегенмен бірдей естіл­ді. Далаға жүгіріп-жүгіріп шығы­п­пыз.

Көп кешікпей шықылықтап жүрген кіп-кішкене нәурізек құс­ты көрдік. «Мына аязда қа­лай­­ша тоңбайды екен?» деп та­ңыр­қағанымыз есімізде. «Бар­мақ­тың басындай ғана осы құс қалай ғана көктемді ілестіріп әке­леді?» деп таңырқағанымыз да ұмытылмапты.

Арада көп өтпей көк жүзінде тырналар тыраулады. Мұнан соң қарлығаш шықылықтады.

Біз бала кезімізде аспанға көп қарайтынбыз. Аспан әлемінің қожайындары – құстар бізді ға­жайып әлемге жетелейтін. Әке-шешемізден ұрыс естісек, құс болып ұшып кеткіміз келетін (Қазір де үлкендер жердегі жұлы­мырлықтардан жерігенде көкке ұшып кеткісі келетінінде үлкен сыр жатыр-ау). Сол үлкендер құстың ұшқан-қонғанына қарап шаруа күйт­теуші еді. Мәселен, «жыл құс­тары топталып ұшса, жылымық күз созыла түседі» деп отыратын шаруа баққан қариялар.

Көктем сайын көгімізде тырау­лайтын тырналарға қарап түрлі жорамал айтатын біз табиғатқа сән беріп, көк аспанға көрік сыйлап, күллі болмыс-жаратылысымен ғажайыптар әлеміне жетелейтін құс­тар әлемін жете білмейді екенбіз. Сол білмейтіндеріміздің арасында Түлкібас ауданының шекарасындағы Шақпақ ата ауылында орналасқан орнитологиялық стансасы бар. Жуалы ауданының шекарасына табан тие оң жа­ғымызда Тянь-Шань тауының сүйірлене бітетін жазығында жағалай орнатылған тордың сырын әрі-бері жөңкілген жолаушылар білген емес. «Егістікке мал түспес үшін қойылған тор шығар» деп тұспалдаған жолаушылар сол ойдың жетегімен әрі қарай тарта береді. Біз де көп жолаушының бірі ретінде өте шығар ма едік, кездейсоқ осы жерде орнитологиялық станса барын естіп қалмағанда.

Сонымен, «Шақпақ асуы қай­­дасың?» деп тартып кеттік. Осы жерде редакция тапсырмасы­мен шұғыл жолға шыққан журналис­терге қолдау білдірген Түлкібас ауданы әкімінің орынбасары Жанар Бектаеваға алғаусыз сезім­мен ал­ғысымызды жеткізіп қой­ғанды жөн санадық.

Шақпақ асуы әлі де қыс­тың құр­­сауында екен. Шағын елді мекенді қар басып қалып­ты. Теледидардан Батыс облыс­тар­дағы қыс қыспағын көріп жүр­міз ғой. Шатыры ғана қыл­тиып тұр­ған үйлерді көргенде ерік­сіз та­ңырқадық. Шақпақ орни­толо­гиялық стансасында 20 жылдан бері қызмет істейтін Рамазан Құдабаев бізді біраз жайттан хабардар етті.

Жалпы, орнитология терминін алғаш рет ғылымға ХVІ ғасырда итальян ғалымы У.Альдрованди енгізген. Орнитология – құстар­дың дамуын, физиологиясын, жер бетіне таралуын зерттейтін ғылым. ХХ ғасырдың 70-80-жылдары Қазақстан аумағында, оның ішінде бұрын аз зерттелген Тянь-Шань, Алтай тауларын, Бетпақдала өңірі мен Маңғыстау, Бозащы шөлейтті аймақтарын мекендейтін құстарға орнитологиялық зерттеулер толық жүргізілген. Құстардың қоныс аударуы − өзгеше бір әлем. Оның әуе жолымен ұшып өтетін бағытын зерттесеңіз, талай құпияға қанық боласыз. Ғалымдар, орнитологтар құстарға сырға салу арқылы олардың популяциясының жағ­дайын, сирек кездесетін және жо­йылып бара жатқан түрлерін анықтайды. Су құстарын пайдалану, жәндікқоректі құстарды өзен бойындағы және таудағы ормандарға қоныстандыру арқылы олардың ауыл шаруашылығына тигізетін пайдасын анықтау да маңызды. Мәселен, бір қарлығаш бүкіл жаз бойы 1 миллион құрт жейді екен. Қараторғайлардың бір тобы балапандарымен 22 тонна шегірткені азық етеді деседі (Осы жерде біздегі диқандардың ала жаз­дай шегірткелер шабуылына ұшырауы еске түседі).

Қазір дүниежүзілік Неміс орнитология қауымдастығы, Британия, Америка құс зерттеу орталықтары, Мумбай (Үндістан) орнитология қауымдастығы, тағы басқа да ха­лықаралық ұйымдар ғылыми жұмыстар жүргізеді. Қазақстанда Ғылым Академиясының Зоология институты құстар әлемін зерттеуді 1966 жылы бастады. Орнитолог ғалым И.А.Долгушиннің басшы­лығымен құстарға сақина салып, зерттеумен айналысатын ғылыми орталық ұйымдастырылды.

Міне, сонда Шақпақ ата асуы неге таңдалды? Тянь-Шань тау жоталары еліміздің оңтүстік-шығысында 1000 шақырымға созылып жатыр. Міне, осы тау жоталарынан өте алмаған жыл құстары Шақпақ ата асуы арқылы ұшып өтуге мәжбүр. Дәл осы жерде Тянь-Шань мен Қаратау тауы түйіседі де, екі аралық ойпаң болып келеді. Жылы жақтан ұшып келе жатқан жыл құстары осы ойпаң-қуыс жерден көктемде бері, күзде әрі ұшып өтеді екен. Содан кейін күз­де құстар оңтүстіктегі жылы ай­мақтарға қайтарда Шақпақ ата асуындағы осы жазық жерге аялдайды. Ендеше, орнитологиялық станса салуға қолайлы орын емес пе? Демек, жыл құстарының демалып өтер үлкен аялдамасы (бәл­кім, әуе­жайы десек те жарасар) қасиетті Түлкібас аумағында жа­тыр! Бұл да табиғаттың бізге жасаған үлкен тартуы.

Орнитологтар солтүстіктен оңтүстікке қоныс аударатын қара­торғай, шәуқарға, тағанақ, торғай, тағы басқа да құстардың Шақпақ ата асуы арқылы өтетінін сақина салу арқылы анықтаған. Дәл осы асу арқылы құстың 200-ден аса түрі көктем мен күзде әрі-бері өте­ді екен.

Ал, осы кезде орнитолог ға­лымдар екі жотаның арасындағы берік жіптен тоқылған үлкен торларды биік бағандарға керіп байлайды. Конус пішінді торға түскен құс қайта шыға алмайды. Өйткені, тордың артқы шеті бірте-бірте тарылып, құс сиятын­дай қуысқа айналады. Осы қуыс арқылы құс арнайы жәшікке түседі. Жәшікке түскен құсты зерт­теушілер лабораториялық тек­серуден өткізеді. Сирағына рет­тік саны жазылған сақина салады. Құс туралы барлық мәлімет арнайы журналға тіркеледі. Мұнан соң құс бостандыққа жіберіледі. Құстар әртүрлі қауіпті, жұқпалы аурулардың қоздырғышын (энцефалиттер, арбовирустер, гельминттер) денесінде сақтаушы әрі тасымалдаушы болуы мүмкін. Мұндайда дәрігерлер сақтық шараларын жасайды.

Сақина салу арқылы құстар­дың қай аймақтарға ұшып баратыны мен қанша жыл өмір сүретіні де анықталады. Мәселен, сақиналау әдісімен кәдімгі шағала – 32, күміс түсті шағалалар − 36, қараторғай 15 жылға дейін өмір сүретіні белгілі болған. Шақ­пақ асуында және Алакөлде Испания мен Үндістанда сақи­наланған торғайлар торға түскен. Сондай-ақ, торғайлар Үндіс­тан мен тропикалық Африкада, сұр қарлығаштар Африка мен Мадагаскарда, тырна­лар Оңтүстік Азияда, шақ­шақайлар Африкада қыстай­тыны анықталған.

Иә, біздің Жер шарының құрлықтарға бөлінуін географ ғалымдар құстардың таралуы мен қоныс аударуын есепке ала отырып жасағанын да біле жүруіміз керек. Сонымен бірге, Шақпақ ата асуындағы орнитологиялық орталық Қазақстан мен Орта Азия­дағы бірегей зерттеу мекемесі екенін де ұмытпалық. Мұнда бір­неше мемлекеттің ғалымдары жұмыс істейді.

Жаратқан иеміз әлімсақтан екі тіршілік иесін азат етіп жаратыпты. Олар – адамдар мен құс­тар. Жер­дегі пенделерден гөрі ас­пан­да­ғылар еркін де азат. Десек те, Қа­зақстанды Отаным деп санайтын барша қауым азаттық пен татулықтың тәтті дәмін сезініп келеді. Егемен еліміздің туында еркіндік пен бостандықтың сим­волы ретінде бейнеленген қыран ықылым замандарда ат­тың жалында, түйенің қомында көшіп-қонып өмір сүрген қазақ халқының тұрмыс-тіршілігінде, таным-түй­сігінде ерекше орын алған қастер­лі құс. Иә, көк жүзін еркін шарлаған құс атаулы тарихымызбен тамырлас, наным-сенімімізбен ортақтас екен.

Әне, көктемді қанатына қон­дырып, Оңтүстігіме құстар да келіп жетті. Шықшы тауға, қара­шы айналаға, көк көйлек киген көктемім тоты құстай мың құл­пырып, тіршілікті балқытып алау оттан ала қашып көңілді алабұрт­қан, жарқ етіп көрінбей ме ала бұлттан?!.

Сабырбек ОЛЖАБАЙ 

Соңғы жаңалықтар