Қазақстан • 05 Сәуір, 2017

«Гитлерді атқан қазақ»

350 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Соғыс және еңбек ардагері Айтжан Бекназаров өрімдей 19 жасында майданға аттанып, атақты Сталинград шайқасына қатысқан. Аспаннан жаңбыр емес, оқ жауған, миллиондаған жазықсыз жандар қырылған майдан өтінен аман келген ақсақал: «Бұл Алланың арқасы, тілеуімді тілеп қалған туыс-туғандарымның батасы», дейді.

«Гитлерді атқан қазақ»

Соғыстан келген соң сот саласында жұмыс істеп зейнетке шыққан ақсақалды бүгінгі ізбасарлары ешқашан ұмытқан емес.

Жақында облыстық соттың төрағасы Нұрсерік Шәріпов Айт­жан ақсақалды ұжымына ша­қы­рып, кездесу өткізді. Қан майданды Австрияның Грацк қала­сында аяқтаған қарияның ерлік істері баяндалды. Сот саласындағы үздік қызметі үшін Жоғарғы сот төрағасы Қайрат Мәмидің бұйры­ғымен берілген «Мінсіз қызметі үшін» медалін омырауына тақты.

– Ұлы Отан соғысында мил­лион­даған жазықсыз жандар­дың өмірі қиылды, – дейді Нұрсерік Шәріпов. – Айтжан аға­мыз да жалынды жастық шағын өлім құсқан қан майданда өткізді. Сондай ауыр кезеңдердің бірінде Гитлердің суретін жарға тіреп қойып атып, «Гитлерді атқан қазақ» атан­ған екен. Мұның бәрі бейбіт жандарды ажалға қиған фашизмге өшпенділіктен, ызадан туған мезет қой.

Ел басына күн туған ауыр ке­зеңде үлкен ерлік көрсеткен, бей­біт өмірде де мінсіз қызмет жасаған Айт­жан қарияның өмірі көпке үлгі болуы керек. Сон­дық­тан, қа­­зы­налы қарияны ұжым­ға арнайы шақырып, ақыл-кеңесін тың­даймыз.

Осы жиынға арнайы келген облыс әкімінің орынбасары Ұласбек Сәдібеков аймақ басшысының құт­тықтауын жет­кізсе, облыстық арда­герлер кеңесінің төрағасы Же­ңісбек Мәу­ленқұлов отты жылдары омырауын оққа тосқан майдангерлер, жеңісті жақындатқан тың ардагерлері туралы естелік айтты.

«Ауылыңда қартың болса, жазып қойған хатпен тең» дейді халық даналығы. Жүзге жа­қындап қалса да Айтжан қария­ның жас буынға айтары бар.


Бақтияр ТАЙЖАН,
«Егемен Қазақстан»
Оңтүстік Қазақстан облысы


Соңғы жаңалықтар