Онда Қазақстан Республикасының Сыбайлас жемқорлыққа қарсы стратегиясын іске асыру жөніндегі 2015-2017 жылдарға арналған іс-шаралар жоспарының және «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл туралы» Заңның орындалу барысы қаралды.
Отырысты ашқан Гүлшара Әбдіқалықова Мемлекет басшысының тапсырмасымен Сыбайлас жемқорлыққа қарсы стратегияға және «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл туралы» Заңға жемқорлық әрекеттердің алдын алу ісі негіз болғанын атап өтті. Ал бұл реттегі жұмыстың негізгі бағыттары: мемлекеттік қызмет саласында, квазимемлекеттік және жеке- меншік секторда, сот және құқық қорғау органдарында жемқорлыққа қарсы тұру, қоғамдық бақылау институтын енгізу, сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениет деңгейін қалыптастыру және халықаралық ынтымақтастықты дамыту.
Жиын аясында Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі төрағасының орынбасары А.Шпекбаевтың баяндамасы тыңдалды. Жалпы, бүгінде Сыбайлас жемқорлыққа қарсы стратегияны іске асыру жөніндегі іс-шаралар жоспары 95% орындалса, осы жылы ол толығымен аяқталады.
«Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл», «Қоғамдық кеңестер туралы», «Ақпаратқа қол жеткізу туралы» жаңа заңдардың қабылдануы мемлекеттік институттар қызметінің жариялылығын және олардың қоғам бақылауында болуын қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Бүған қоса, жемқорлыққа қарсы мониторинг, сыбайлас жемқорлық қатерлеріне жүйелі талдау жасау, сыбайлас жемқорлыққа қарсы шектеулер, мәдениет және ағарту сияқты құқықтық құралдардың жиынтығы тәжірибеге кеңінен енгізілді.
2016 жылы өкілетті орган 156 мемлекеттік органның қызметіндегі сыбайлас жемқорлық қатеріне талдау жасады, жемқорлық құқық бұзушылықтар жасауға әсер еткен жағдаяттарды жою жөнiнде 2 мыңнан аса ұсыныс жасалды. «Мемлекеттік органнан мемлекеттік органға», «Әкімдіктен әкімдікке» жобалары аясында министрліктерде және жергілікті атқарушы органдарда түсіндіру жұмыстарын жүргізу мақсатымен қызметшілермен кездесулер өтті. БАҚ-та 80-нен астам айдар ашылды.
Бұған қоса, жемқорлық үшін белгіленетін жазаға қатысты бұлтартпау қағидаты сақталып отыр. 2016 жылы республикалық деңгейдегі – 18, облыстық деңгейдегі – 59, қалалық және аудандық деңгейдегі 134 басшы қылмыстық жауапкершілікке тартылды. Анықталған 13,6 млрд теңге көлеміндегі залалдың 5,3 млрд теңге қаржылық өтемі немесе 39%-ы өтелді.
Мемлекеттік хатшы отырыс қорытындысы бойынша Сыбайлас жемқорлыққа қарсы стратегияны іске асыру жөнінде кезекті жоспар әзірлеуді тапсырды.
Ләйла Еділқызы,
«Егемен Қазақстан»