Алматы қаласының Жол қозғалысын және жолаушылар көлігін ұйымдастыру басқармасының өкілдері негізгі өзгерістер Назарбаев даңғылы – Гоголь көшесі, Абылай хан даңғылы – Гоголь көшесі, Достық даңғылы – Абай даңғылы, Сейфуллин даңғылы – Мақатаев көшесі, Абай даңғылы – Алтынсарин даңғылында енгізілгенін мәлімдеді.
6 ақпанда пилоттық режимде Назарбаев даңғылы мен Гоголь көшесінің, сондай-ақ Абылай хан даңғылы мен Гоголь көшесінің қиылыстарында жаңартылған қозғалыс сызбасы енгізілді. Қалған учаскелердегі өзгерістерді 15 ақпанға дейін іске асыру жоспарланып отыр.
Бағдаршам нысандарының жұмысын түзету Алматы қаласының Жол қозғалысын және жолаушылар көлігін ұйымдастыру басқармасы мен Әкімшілік полиция басқармасы бірлесіп жүргізді. Пилоттық жоба аясында жүргіншілердің қауіпсіздігін арттырып, көлік қозғалысын жеңілдетуге бағытталған қосымша бағдаршам фазасы енгізілді.
Өзгерістер қозғалысты оңтайландыру, апаттық тәуекелдің қаупін азайту мақсатында ең көп жүктемесі бар қиылыстарда енгізіледі.
Айта кетейік, бұған дейін Алматыда инклюзивті спортты дамытуды көздейтін жаңа спорт орталығының құрылысы басталғанын жазған едік.