ҚР Премьер-Министрі Бақытжан Сағынтаев Батыс Қазақстан облысына жұмыс сапары аясында «Атамекен» Кәсіпкерлер палатасының өңірлік кеңесінің өкілдерімен кездесу өткізді, онда бизнес секторын дамытудың өзекті мәселелері талқыланды, деп хабарлайды pm.kz.
Кездесу барысында қатысушылар өнеркәсіптік кәсіпорындарды несиелендіру, мемлекеттік-жекешелік әріптестік жобаларын дамыту, мемлекеттік сатып алулар жүйесін жетілдіру, әкімшілік кедергілерді төмендету және бизнеске несие қаражаттарының қолжетімділігін арттыру мәселелерін көтерді, сонымен қатар Бизнестің жол картасының іске асырылу барысын қарады.
Бұдан өзге, қатысушылар кәсіпкерлер, мемлекеттік органдар және квазимемлекеттік сектор арасындағы өзара іс-қимыл мәселелерін талқылады.
Кеңес барысында БҚО Кәсіпкерлер палатасының өңірлік кеңесінің төрағасы, «Конденсат» КТ консорциум кеңесінің төрағасы В. Джунусов, БҚО Кәсіпкерлер палатасының директоры Н. Қайыршин, «Шағын бизнес орталығы» Қауымдастығы» ЗТБ директоры Ш. Махмұдова, «Квант» ЖШС директоры Д. Пшеничный, «Аlageum Electric» АҚ қадағалау кеңесінің төрағасы С. Қожабаев, «ҚазАрмаӨнеркәсіп» ЖШС директоры С. Качало сөз сөйледі.
Кездесу қорытындысы бойынша Б. Сағынтаев ҚР Президенті Н. Назарбаевтың «Қазақстанның үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабілеттілік» атты Жолдауына сәйкес, Үкімет жұмысы еліміздің экономикалық өсімінің қозғаушы күшіне айналуға тиісті бизнес ұстанымдарын нығайтуға негізделгенін атап өтті. Осы орайда Қазақстанда шығындарды қысқарту, қайта реттеу, сонымен қатар кәсіпкерлерге қаржылық әрі заңнамалық қолдау көрсету бойынша шаралар кешені іске асырылуда.
Сонымен қоса, мемлекеттік сатып алулар жүйесін жетілдіру мен ондағы қазақстандық қамту үлесін ұлғайтуға байланысты жүйелі жұмыстар жүргізілуде. Премьер-Министр қазіргі таңда отандық жиһаз және жеңіл өнеркәсіп өндірушілерінен өнімді сатып алу жұмыстары ретке келтірілгенін айтып өтті.
Қорытындылай келе, Б. Сағынтаев қатысушылардың назарын мемлекеттік-жекешелік әріптестікті, әсіресе, әлеуметтік салада дамытудың маңыздылығына аударды, сонымен қатар, маңыздысы, агроөнеркәсіп кешені саласында отандық тауарларға жаңа нарықтарды игеру мен экспорттық өндірісті дамытудың қажеттігі туралы айтты.
Сонымен қатар, Бақытжан Сағынтаев БҚО-да мемлекеттік-жекешелік әріптестіктің дамуын бағалап, аймақтағы бірнеше ірі кәсіпорынның жұмысымен танысты.
Сапар барысында Үкімет басшысы "Нұрлы жол" бағдарламасы бойынша салынып жатқан нысандарды да бағалады.