Авторлық жұмыстар әралуандылығымен және әдемілігімен келушілерді тәнті етті. Әр шебердің өзіндік стилі, өзіндік орындау техникасы бар. Ұнаған әшекейлерді сатып алуға да мүмкіндік туды.
«Биыл зергерлік өнердің дәстүрлі ашық байқауы Қарағанды облысының әкімдігі жанындағы «Қоғамдық келісімнің» қолдауымен жаңа алаңда – Достық үйінде ұйымдастырылып отыр. Еліміздің түкпір-түкпірінен келген шеберлер байқауда 20-ға жуық авторлық бұйым ұсынды. Жастар көп. Жаңа есімдер жария болады деп ойлаймын», – деді «Шебер» сәндік-қолданбалы өнер шеберлерін қолдау орталығы қоғамдық бірлестігінің төрағасы Наталья Вшивцева.
Қазылар алқасына қарағандылық зергер, «Зергер» байқауының лауреаты Сергей Таскин жетекшілік етті.
Қазақстан Қолөнершілер одағының төрағасы, Дүниежүзілік қолөнершілер кеңесінің Орталық Азия бойынша вице-президенті Айжан Бекқұлованың пікірінше, Қарағандыда зергерлік өнер жақсы дамыған.
− Сөрелерді қарап шығып, жақсы шеберлердің көп екенін байқадым. Олар қазақтың зергерлік өнері тақырыбы мен дәстүрін терең түсінеді. Сериялы жұмыстар да кездеседі. Тағы да бір маңызды жайт, зергерлердің әшекейлер жасауда өзіндік мәнері бар. Тақырыпты дамыту, экспозицияны шығармашылық тұрғыдан ұсына білу – бұл маңызды ілгері қадам, – дейді қонақ. – Мұндай байқаулар одан әрі дамуға және жетілуге серпін береді.
Мирас АСАН, «Егемен Қазақстан»
ҚАРАҒАНДЫ