Күндер өте келе қос қарлығаштың салған ұясынан сарыауыз балапандардың шықылықтаған үндері де естіле бастады. Енді қос қарлығаштың кезекпен кезек жеделдете балапандарына сынған терезе арқылы азық тасулары да үдейе түсті. Бірақ, сынған терезе әйнегінің үшкір қырларының ұштары балапандарына тынбастан азық тасып жүрген қос қарлығаштың бірінің өмірін қиып жібергендігі өкінішті болды.
Бауырын әйнектің сынығы тіліп жіберген, қызыл қанға бояла шалқасынан өліп жатқан қарлығашты көрген Төлеген де өзінің үлкен қателік жібергендігіне, әйнекті дер кезінде ауыстырмаған салақтығына өкініп, бармағын тістеген күйінде тұрып қалды.
Төлеген енді жалғыз қалған қарлығаштың қандай күйде боларын, күнделікті тірлігін қадағалай бастады. Сынған әйнектің үшкір көздерін алып тастауды да ұмытпады.
Ақырында жалғыз қалған қарлығаштың ұядағы он балапанды бір өзі тынымсыз азықтандырып, қанаттандырып ұшырып шығарғандығын көрген Төлеген қарлығаштың тіпті кейбір адам баласының өзі жасай алмайтын қамқорлығына таң-тамаша болды.
Тастанды балалар санын көбейтіп жүрген безбүйрек аналарға қарағанда, қарлығаштың бұл ісі кім-кімді болса да ойландыратын жағдай еді.
Мүсірбек АЙТАШЕВ
Батыс Қазақстан облысы,
Сырым ауданы