Орал қаласында полицейлер көлік ұрлаудың ерекше оқиғасын әшкереледі, деп хабарлайды Egemen.kz
Тергеу мәліметінше, жергілікті тұрғын көпқабатты тұрғын үйдің ауласынан өтіп бара жатып, тұрақта тұрған автокөлікке назар аударған. Ұры көліктің құлыпталмағанын аңғарған. Бірден салондағы заттарды емес, тұтас көлікті алып кетуді ойлаған.
Алайда көліктің оталдыру кілті орнында болмаған. Соған қарамастан күдікті жоспарын жүзеге асырудан бас тартпай, эвакуатор шақырып, көлікті арқанның көмегімен платформаға тиеп, өзі айтқан мекенжайға жеткізген.
Біраз уақыттан кейін көлікті Орал қаласының маңынан патрульдік полиция батальонының қызметкерлері тапты. Мемлекеттік тіркеу нөмірлерін тексеру барысында автокөліктің іздеуде жүргені анықталған.
Полиция департаментінің мәліметінше, ұрлық сәті бейнебақылау камераларына түсіп қалған. Бейнежазбалардың көмегімен тәртіп сақшылары көлікті алып кеткен эвакуатордың деректерін анықтап, күдіктіге шыққан.
Жауап алу кезінде ер адам бөтен көлікті тек мініп жүру мақсатында алғанын айтқан.
Аталған дерек бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды. Полицейлердің айтуынша, автокөлік өздігімен жүргізілмей, эвакуатормен тасымалданғандықтан, іс көлік айдап кету емес, мүлік ұрлығы бабы бойынша қарастырылып жатыр.
Қазіргі уақытта күдікті ешқайда кетпеу туралы қолхатпен босатылған.