АҚШ билігі грин-карта алуға қатысты жаңа талаптарды жариялағаннан кейін туындаған сын-пікірлер мен алаңдаушылықтарға байланысты ережелерді жұмсартты, деп хабарлайды Egemen.kz
Өткен аптада АҚШ Азаматтық және иммиграциялық қызметінің (USCIS) өкілі елде уақытша тұрып жатқан және тұрақты тұруға рұқсат (грин-карта) алғысы келетін шетел азаматтары төтенше жағдайларды қоспағанда, өтініш беру үшін өз елдеріне оралуы тиіс екенін мәлімдеген болатын.
Бұл талап ондаған жылдар бойы қалыптасқан тәжірибені өзгертуі мүмкін еді. Бұған дейін туыстары немесе жұмыс берушілері демеушілік жасаған иммигранттар грин-карта рәсімдеу кезеңінде АҚШ аумағында қала алатын.
Алайда бұл мәлімдеме иммигранттар мен жұмыс берушілер арасында алаңдаушылық туғызып, көптеген сын айтылды. Осыған байланысты АҚШ Ішкі қауіпсіздік министрлігі қосымша түсініктеме берді.
Министрліктің хабарлауынша, жаңа талаптар жоғары білікті мамандарға, АҚШ-тың ұлттық мүдделеріне қызмет ететін азаматтарға және ел экономикасына пайда әкелетін тұлғаларға қолданылмайды.
The New York Times басылымының жазуынша, алғашқы мәлімдемеден кейін иммиграциялық заңгерлерге алаңдаған клиенттерден көптеген қоңыраулар түскен. Олар бұл бастама Дональд Трамп әкімшілігінің заңды иммиграцияны шектеуге бағытталған кезекті қадамы болуы мүмкін деп қауіптенген.
Бостондық иммиграциялық адвокат Элизабет Госс бастапқы талапты «адамдарды елден кетуге мәжбүрлеудің тағы бір тәсілі» деп бағалаған.
Сонымен қатар Ішкі қауіпсіздік министрлігі кейбір өтініш берушілерге құжат рәсімдеу процесін шетелдегі АҚШ елшіліктері немесе консулдықтарында бастау қажет болуы мүмкін екенін атап өтті. Дегенмен бұл өзгерістер қазіргі заңды тұрақты тұрғындардың мәртебесіне әсер етпейді.