Қазақстанда 1 маусымнан бастап жазғы шиналар маусымы ресми түрде басталады. Осы күннен бастап көлікті қысқы шиналармен басқарған жүргізушілер әкімшілік жауапкершілікке тартылуы мүмкін, деп хабарлайды Egemen.kz
Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекске сәйкес, маусымға сәйкес келмейтін шиналарды пайдаланғаны үшін 5 айлық есептік көрсеткіш (21 625 теңге) көлемінде айыппұл қарастырылған. Егер мұндай құқық бұзушылық бір жыл ішінде қайталанса, айыппұл мөлшері 20 АЕК-ке дейін өседі.
«Дөңгелекті көлік құралдарының қауіпсіздігі туралы» техникалық регламентке сәйкес, жазғы шиналардағы протектордың биіктігі кемінде 1,6 миллиметр болуы тиіс.
Сондай-ақ мамандар пайдалану мерзімі 5-6 жылдан аспайтын шиналарды қолдануға кеңес береді. Өйткені уақыт өте келе резеңке өзінің серпімділік қасиетін жоғалтып, протекторының тереңдігі талапқа сай болғанның өзінде жолдағы жүктемеге төтеп беру қабілеті төмендеуі мүмкін.