• RUB:
    6.68
  • USD:
    520.93
  • EUR:
    609.07
Басты сайтқа өту
Қоғам Бүгін, 18:53

Үш аптадан бері әлеуметтік маңызы бар азық-түлік бағалары тұрақтанып тұр

Премьер-министрдің орынбасары – ұлттық экономика министрі Серік Жұманғариннің төрағалығымен Үкіметте азық-түлік инфляциясы мен әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарлары бағасының қазіргі жағдайы қаралды, деп хабарлайды Egemen.kz

2026 жылдың сәуір айының қорытындысы бойынша азық-түлік инфляциясы 0,7%-ды құрады. Жылдық инфляция баяулап, 11,3%-ға дейін төмендеді (2025 жылдың желтоқсанында – 13,5%, қаңтарда – 12,9%, ақпанда – 12,7%, наурызда – 11,7%).

Әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарлары бағасының индексі қатарынан үшінші апта бойы 0% деңгейінде сақталуда. Бағаның тұрақтануына негізгі үлесті Астана және Алматы қалалары (өсім – 0%), Шымкент қаласы мен Түркістан облысы (-0,1%), Алматы облысы (-0,5%), Ақмола облысы (-0,9%) сияқты ірі өңірлер қосып отыр.

Бағаның ең көп төмендеуі қызанақ (-25,6%), қырыққабат (-18,7%), сондай-ақ күнбағыс майы, балық, қарақұмық жармасы мен ұн бойынша тіркелді. Сонымен қатар кейбір көкөніс түрлері бойынша өсім сақталуда. Мысалы пияз – 28,6%-ға, сәбіз – 15,7%-ға, картоп – 10,4%-ға қымбаттады. Жаңа піскен өнімдер саудаға шығарылған сайын баға динамикасы да тұрақталады деп күтілуде.

Сауда және интеграция бірінші вице-министрі Айжан Бижанованың айтуынша, биыл ішкі нарықты жаңа піскен көкөністермен қамту тұрақты әрі жүйелі түрде жүргізілуде. Бұл «Жасыл дәліз» тетігін жүзеге асыру және ішкі нарықты импорттық өніммен толықтыру есебінен қамтамасыз етілді. «KTЖ Express» желісі арқылы көрші елдерден шамамен 20 мың тонна картоп, 10 мың тонна сәбіз, 6 мың тоннадан астам пияз және 22 мың тонна қырыққабат жеткізілді. Бұл маусымдық ауытқуларды азайтып, жергілікті өнім жаппай піскенге дейін нарықтағы ұсыныстың тұрақтылығын қамтамасыз етуге мүмкіндік берді.

Ауыл шаруашылығы вице-министрі Ермек Кенжеханұлының мәліметінше, Түркістан облысында ерте пісетін қырыққабатты жинау жалғасуда. 22 мамырдағы жағдай бойынша жоспарланған 263,6 мың тоннаның 158,6 мың тоннасы жиналған.

Жалпы биыл 221,1 мың тонна картоп, 58,8 мың тонна пияз және 34,7 мың тонна сәбіз жинау жоспарланып отыр. Негізгі көлемді Түркістан облысы қамтамасыз етеді. Оған қосымша Алматы және Жамбыл облыстарынан келеді деп күтілуде.

Соңғы жаңалықтар