Президент Қасым-Жомарт Тоқаевқа елорданың әлеуметтік-экономикалық және инфрақұрылымдық дамуы туралы мәлімет берілді, деп хабарлайды Egemen.kz.
Елорда әкімі қалада барлық басты экономикалық көрсеткіштер бойынша оң қарқын байқалатынын жеткізді.
«Биылғы төрт айда негізгі капиталға салынған инвестиция көлемі 588 миллиард теңгені құрады. Бұл былтырғы осы кезеңмен салыстырғанда 9,1 пайыз жоғары. Олардың арасында өңдеу өнеркәсібі, білім, медицина, көлік, сауда, логистика салаларына қатысты жобалар бар. Бүгінде Astana LRT жеңіл рельсті көлік желісі толық жұмыс істеп тұр. Елорданың қоғамдық көлік жүйесін жандандыру мақсатында жобаның екінші кезеңі пысықталып жатыр», деді қала әкімі.
Жеңіс Қасымбек әлеуметтік нысандардың құрылысы, тұрғын үй алаптарын көркейту жөнінде айтты.
«Соңғы жылдары Астанада 44 мектеп салынған. Ал жаңа оқу жылында 12 білім ошағы ашылады. Сонымен қатар 2 оқушылар сарайын және 6 балабақшаны ел игілігіне беру жоспарланып отыр. 2028 жылға дейін 2 перинатальды орталық, көпбейінді аурухана және диагностикалық кешеннің құрылысы аяқталмақ», деді Жеңіс Қасымбек.
Қала әкімі елорданың инженерлік-коммуналдық инфрақұрылымы, Smart City жобасының іске асырылуы туралы баяндады. Биыл 173 аула мен қоғамдық кеңістікті абаттандыру, 1,1 миллион түп жасыл желек егу көзделген.
Кездесу соңында Мемлекет басшысы Астана әкімі Жеңіс Қасымбектің қызметін оң бағалап, елорданы одан әрі дамытуға қатысты бірқатар тапсырма берді.