Алматы қаласында орналасқан Hilton қонақүйінде қызметкерлерді ғимараттан күштеп шығару әрекеті жүріп жатқаны туралы ақпарат тарады. Бұл туралы Мәжіліс депутаты Ермұрат Бапи Бас прокурор Берік Асыловқа жолдаған депутаттық сауалында айтты, деп хабарлайды Egemen.kz.
Депутаттың мәліметінше, қонақүйде 250-ге жуық адам жұмыс істейді.
«Алматы қалалық әділет басқармасының шешімімен, Алматыда Hilton қонақүйін меншік иесінен тартып алу, ғимаратты күштеп босату әрекеттері жүріп жатыр. Осы әрекеттердің бәрі шетелден келген қонақтардың көз алдында жүріп жатыр», деді Ермұрат Бапи.
Бұл істің артында «ескі» Қазақстанның мүддесіне жасалып жатқан заңсыз, әділетсіз, әрекеттер бар екендігін атап өткен депутат бұған дейін де аталған қонақүйге қатысты мәселе көтерілгенін еске салды. Оның айтуынша, бұл актив бұрын Қайрат Сатыбалдыұлына қатысты іс бойынша мемлекетке қайтарылған болатын.
«Осы аралықта Қайрат Сатыбалды түрмеге отырып, кейін босап шықты. Біраз активін мемлекетке қайтарды, соның ішінде Hilton қонақүйі де бар. Бұл – айла. Қонақүйді тартып алып, мемлекеттік мүлік комитеті арқылы оны аукционға шығарып, Сатыбалдыға астыртын тиесілі компанияға сатудың астыртын жүйесі жүзеге асып жатыр», деді Ермұрат Бапи Hilton-ды нарық бойынша 12 млрд теңге емес, 4,5 млрд теңгеге бағалағанын тілге тиек етіп.
Қайрат Сатыбалдының қонақүйі мемлекетке қайтарылды
Алматыдағы қонақүй төңірегіндегі заңсыздық Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың құлағына жететініне сенім білдірген депутат Бас прокуратурадан бұл жағдайды тексеріп, құқықтық баға беруді талап етті.
Еске сала кетейік, бұған дейін Қайтарылған активтерді басқару компаниясы (КУВА) Алматыдағы Қайрат Сатыбалдыға тиесілі Kaisar Plaza сауда-кеңсе орталығын сатуға шығаратынын хабарлаған болатын.