Елордада дезинсекциялық жұмыстар басталып, тұрғындарға өңдеу жүріп жатқан аумақтарға бармау және терезелерін жауып отыру ұсынылды, деп жазады Egemen.kz.
Су айдындарын өңдеудің алғашқы кезеңі сәуір айының басында басталған. Қазіргі таңда жұмыстар екі ауысымда жүргізіліп жатыр. 150-ден астам дезинсектор маман масаның дернәсілдері анықталған 8600 гектар су айдынын өңдеген.
Мамандардың мәліметінше, дезинсекция кезінде заманауи техникалар қолданылады. Атап айтқанда, механикалық роторлы бүріккіштер, арнайы дезинсекциялық көліктер, қамысты және жетуі қиын аймақтарды өңдеуге арналған квадрокоптерлер, ал ірі су айдындарында арнайы жабдықталған қайықтар пайдаланылады. Осыған байланысты қала тұрғындарына сақтық шараларын қатаң ұстану ескертілді.
Су айдындарындағы жұмыстар аяқталған соң, 27-29 сәуір аралығында қала аумағын толық өңдеу кезеңі басталады. Бұл жұмыстар алдымен орталықтан басталып, кейін шет аймақтарға қарай ығыстыру әдісімен жүргізіледі. Сонымен қатар, қатарлас түрде қорғаныс тосқауылдары қойылады.
Жәндіктерге қарсы өңдеу жұмыстары түнгі уақытта – 21.00-ден 04.00-ге дейін екі ауысыммен іске асырылады. Әрбір кезең айына 20 күнге созылады, ал жалпы науқан алты кезеңнен тұрады. Мамандардың айтуынша, жүргізіліп жатқан шаралар нәтижесінде масалардың санын 90%-ға дейін азайту көзделіп отыр.