Торонто қаласының тұрғыны Лю Фенга Қазақстанның тарихи орындарын аралауға арналған сапарын алдын ала мұқият жоспарлаған. Ол Абай облысынан Астанаға жол тартып, Павлодар қаласында көлік ауыстыру үшін аялдаған, деп хабарлайды Egemen.kz
Рейсін күтіп отырған шетелдік азамат автовокзал маңындағы орындықта отырып, ұйықтап кеткен. Оянған кезде жол сөмкесінен ақшасы мен турист үшін ең маңызды шетелдік төлқұжаты жоғалғанын байқаған. Құжатсыз оның Канадаға оралуы қиынға соғуы мүмкін еді.
«Мен бірден «102» нөміріне хабарластым. Маған міндетті түрде көмектесетініне сенімді болдым. Бірнеше минуттан кейін оқиға орнына полиция қызметкерлері келді. Мен болған жағдайды айтып бердім. Олар мені сабырға шақырып, жоғалған заттардың табылатынын айтты», дейді Лю Фенга.
Жедел іздестіру шаралары барысында екі күдікті анықталып, ұсталды. Ұрланған төлқұжат пен ақша тәркіленіп, толық көлемде заңды иесіне қайтарылды. Осылайша Канада азаматы сапарын еш кедергісіз жалғастыра алды.
Аталған дерек бойынша қылмыстық іс қозғалды. Қазіргі уақытта ұсталғандардың өңірде бұған дейін жасалған осыған ұқсас қылмыстарға қатысы бар-жоғы тексеріліп жатыр.