Мемлекет басшысы Alem.ai battle және AI Governance Cup байқауларының жеңімпаздарын марапаттау рәсімінде сөз сөйлеп, бүгінде әлемнің аса жоғары жылдамдықпен дамып келе жатқанына назар аударды, деп хабарлайды Egemen.kz.
Президенттің пікірінше, қазіргідей құбылмалы, дүрбелеңге толы заманда бәсекеге қабілетті ел болып, көш соңында қалмай, өркениетті елге сай өсіп-өркендей беру қажет.
«Елімізде осы бағытта нақты жұмыс істеліп жатыр. Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігі құрылды. Жаңа технологияларды енгізу үшін заңнамалық негіз жасалып, Цифрлық кодекс қабылданды. «Жасанды интеллект туралы» Заң күшіне енді. Таяу арада Қазақстанның цифрлық даму бағдарын айқындайтын Digital Qazaqstan стратегиясы бекітіледі. Бәріңізге белгілі, биыл елімізде – «Цифрландыру және жасанды интеллект жылы». Сондықтан алдымызда әлі де көп жұмыс бар. Ширақ қимылдап, тұтас қоғам болып табанды еңбек етуіміз керек», деді Мемлекет басшысы. Президент: Озық ойлы жастар елімізді биік белестерге бастайдыПрезидент цифрлық технологиялар мен жасанды интеллектінің қарқынды дамуы тәсілдерді үнемі жаңартып отыруды талап ететінін атап өтті.
«Есептеуіш инфрақұрылымын ілгерілету маңызды бағыт болып қала береді. Суперкомпьютер кластерінің іске қосылуы еліміздің технологиялық дербестігін нығайтудағы айтулы уақиға болды. Келесі мақсат – елімізде Деректерді өңдеу орталығы алқабын құру. Аталған ауқымды жобаны іске асыру жаңа инвестиция тартуға және өңірлік цифрлық хаб ретіндегі позициямызды күшейтуге мүмкіндік береді. Жаппай цифрландыру және жасанды интеллектіні енгізу елімізді жан-жақты жаңғыртудың негізгі факторларының бірі саналады. Бұл мемлекеттік басқару жүйесінен бастап креативті индустрияға дейінгі салаларды қамтиды. Жазда Астанада «Болашақ ойындары» өтеді. Дәстүрлі ережелер мен киберспортты ұштастыратын жарысқа әлемнің 50 елінен мыңға жуық спортшы қатысады. Жаңа спорт түрі озық технологияларды күнделікті тұрмысқа жедел бейімдеуге, ең бастысы, жастар арасында спортты насихаттауға жол ашады», деді Қасым-Жомарт Тоқаев.Еске сала кетейік, бүгін Президент Alem.ai халықаралық жасанды интеллект орталығын аралап көріп, бірқатар білім беру бастамасын іске қосу рәсіміне қатысты.
Сондай-ақ Қасым-Жомарт Тоқаев «Болашақ ойындары-2026» халықаралық турниріне дейінгі кері санақты интерактивті форматта іске қосты.