Мемлекет басшысы Alem.ai battle және AI Governance Cup байқауларының жеңімпаздарын марапаттау рәсімінде сөз сөйледі, деп хабарлайды Egemen.kz.
Президент елімізде қоғамның барлық саласын қамтыған ауқымды реформалар жүзеге асырылып жатқанына тоқталды.
– Наурыз айында Қазақстанның жаңа Конституциясы қабылданды. Бұл, ең алдымен, еліміздің келешегі үшін өте маңызды және тарихи қадам болды. Азаматтарымыз, әсіресе, жастарымыз мұны жақсы түсінеді. Олар республикалық референдумға белсене қатысып, Ата заңды қолдап, дауыс берді. Жұртымыз бір қоғам болып жауапкершілік пен отаншылдық рухының озық үлгісін көрсетті. Тұғырына қонған жаңа Конституцияда халқымыздың бірегей болмысы, басты құндылықтары мен биік мақсаттары көрініс тапты. Бүгін осы жиынға ел жастары, білімді, білікті, зияткер азаматтар қатысып отыр. Мен сіздерді Қазақстанның жарқын болашағы деп санаймын, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Мемлекет басшысы озық ойлы жастар елімізді биік белестерге бастап, ұлтымыздың мерейін өсіретініне сенім білдірді.
Мемлекет басшысына Қазақстандағы алғашқы криптовалютамен төлеу үрдісі көрсетілді
– Халық Конституциясы – өскелең ұрпаққа жол көрсететін темірқазық. Жаңа Ата заңымыз – Әділетті Қазақстанның мызғымас тұғыры. Заң мен тәртіп қағидаты мемлекетіміздің өзегіне, ұлт санасының арқауына айналды. «Таза Қазақстан» тұжырымдамасы халқымыздың туған жерге, тұмса табиғатқа деген қамқорлығын күшейтті. Елімізде қоғамдық маңызы бар жұмысты міндет емес, қастерлі парыз санайтын нағыз жанашыр азаматтар көбейді. Біз оларды еріктілер немесе волонтерлер деп атаймыз. Міне, осы құндылықтардың бәрі де Халық Конституциясының преамбуласына арнайы жазылды. Мемлекеттің басты байлығы – адам. Сондықтан адам капиталын дамыту конституциялық міндет ретінде айқындалды. Бас құжатта еліміздің ғылым мен білімге, инновацияға басымдық беретіні нақты көрсетілді, – деді Президент.
Еске сала кетейік, бүгін Президент Alem.ai халықаралық жасанды интеллект орталығына барды, онда ол бірқатар білім беру бастамасын іске қосу рәсіміне қатысты.
Сондай-ақ Қасым-Жомарт Тоқаев «Болашақ ойындары-2026» халықаралық турниріне дейінгі кері санақты интерактивті форматта іске қосты.