«Бәйтерек» холдингінің еншілес ұйымы – Отбасы банк Азия даму банкімен 90 млрд теңге көлемінде қарыз беру туралы келісімге қол қойды. Бұл қаражат «Ұмай» және «Жасыл ипотека» бағдарламалары аясында тұрғын үй несиелерін беруге бағытталады. Алғашқы кезеңде 2 мыңнан астам несие беру жоспарланып отыр, деп хабарлайды Egemen.kz.
Банк өкілдерінің айтуынша, «Ұмай» бағдарламасы әйелдердің экономикалық белсенділігін арттыруға және олардың баспана алу мүмкіндігін кеңейтуге бағытталған. Бағдарлама бойынша бастапқы жарна төмендетілген шарттармен беріледі, тұрғын үйді еліміздің кез келген өңірінен сатып алуға болады. Бұған дейін бұл жоба аясында 3 660 әйел баспаналы болған.
Бағдарлама қатысушылары бастапқы және қайталама нарықтағы, сондай-ақ құрылыс кезеңіндегі пәтерлерді (кепілдік немесе сақтандыру тетіктері арқылы) сатып ала алады. Сонымен қатар тұрғын үйді жөндеуге де қосымша несие рәсімдеу мүмкіндігі бар.
Отбасы банк кейбір отандастарымызды тұрғын үй кезегіне қоюдан неге бас тартты?
Астана мен Алматы қалаларында банк тұрғын үй құнының 80%-ына дейін, ал өзге өңірлерде 85%-ына дейін қаржыландырады. Қалған бөлігі бастапқы жарна ретінде төленеді. Несиенің ең жоғары сомасы – 50 млн теңге, мерзімі – 25 жылға дейін. Қатысу үшін отбасының айлық табысы 1,25 млн теңгеден аспауы тиіс.
«Ұмай» бағдарламасы бойынша алынған тұрғын үй әйелдің атына рәсімделеді, некеде болған жағдайда ортақ меншік ретінде тіркеледі. Бірнеше қарыз алушыны тартуға да рұқсат етіледі.
Ал «Жасыл ипотека» бағдарламасы энергия үнемдейтін тұрғын үйлерді сатып алуға бағытталған. Себебі елдегі тұрғын үйлердің басым бөлігі жоғары энергия тұтынатын санатқа жатады. Бұл бағдарлама коммуналдық шығындарды азайтуға және экологиялық стандарттарға сай құрылыс нарығын дамытуға ықпал етеді.
«Жасыл ипотека» арқылы OMIR сертификаты (күміс, алтын немесе платина деңгейі) бар тұрғын үйлерді сатып алуға болады. Шарттары «Ұмай» бағдарламасына ұқсас: 80%-ға дейін қаржыландыру, 50 млн теңгеге дейін несие, 25 жылға дейінгі мерзім және қосымша жөндеу несиесі қарастырылған.
«Отбасы банк»: 600 мыңға жуық адам мемлекеттік сыйақы алды
Екі бағдарлама бойынша да соңғы 6 айдағы ресми табыс расталуы қажет. Тұрғын үйді елдің кез келген өңірінен, тіркеуге қарамастан сатып алуға болады.
Бағдарламалардың нақты іске қосылу уақыты қосымша хабарланады.