Әділет министрлігі Республикалық жеке сот орындаушылар палатасымен бірлесіп, 2026 жылғы 6-30 сәуір аралығында азаматтардың белгілі бір төлемдер түсетін шоттарындағы тыйымдарды алып тастауға бағытталған науқанды іске қосты, деп хабарлайды Egemen.kz.
Науқан аясында жалақы, алимент, зейнетақы және мемлекеттік жәрдемақылар түсетін шоттардағы тыйымдар алынып тасталады.
Бұл үшін азаматтар Adilet.gov мобильдік қосымшасы арқылы тіркеліп, жеке сот орындаушысына тиісті шоттардан тыйымды алып тастау жөнінде өтініш беруі қажет.
Салық берешегі қай межеден асса, есепшот бұғатталады?
Тыйымды алып тастау тек растайтын құжаттар ұсынылған жағдайда ғана жүзеге асырылады. Атап айтқанда, жұмыс орнынан жалақы түсетін шот екені туралы анықтама, зейнетақы шоты туралы құжат және өзге де растаулар талап етіледі.
Сонымен бірге, Әділет министрлігі мұндай шектеулердің алынуы азаматтарды атқарушылық құжаттар бойынша міндеттемелерден босатпайтынын ескертті. Яғни қарыздарды өтеу, айыппұлдарды төлеу және өзге де талаптарды орындау міндеті сақталады.