• RUB:
    6.68
  • USD:
    520.93
  • EUR:
    609.07
Басты сайтқа өту
Мәселе Бүгін, 08:33

Шегірткеге қарсы күрес қарқын алды

20 рет
көрсетілді

Кейінгі жылдары құрғақшылықтың әсерінен шегірткелердің таралу қаупі сақталып отыр. Осыған байланысты биыл Түркістан облысында фитосанитарлық қауіпсіздік пен шегірткеге қарсы күрес күшейтіліп, 400-ден астам бүріккіш техника, 4 АН-2 ұшағы мен дрондар жұмылдырылмақ. Өңір аумағы 65 секторға бөлініп, жұмыс топтары бекітілген. Тиімділігі жоғары жаңа препараттарды пайдалану жоспарланып отыр.

Мамандардың бол­­­жамына сәй­­­­кес шегіртке дер­нә­сіл­дері сәуір айының алғашқы жартысында жер бетіне шығады. Осы кезеңде химиялық өңдеу жұ­мысын уақтылы әрі сапалы жүргізу аса маңызды. Яғни «ыршып жүріп ән салған шырыл­дауық шегірткенің» егістік алқап­­тарына зиян келтіруіне тос­қауыл қойылады. Облыс­ бюд­жетінен тиісті қаржы бөлініп, залалсыз­дандыру шаралары жүйелі түрде жүргізіледі. Облыс­тық ауыл шаруашылығы басқар­ма­сының басшысы Файзулла Байдуллаевтың айтуынша, өткен жылы бұл мақсатқа 535 млн тең­ге бөлініп, 150 мың га ал­қап­та хи­миялық өңдеу жұмысы ат­қарылған. Биыл 133 млн теңге қа­растыры­лып, 36 мың га аумақты өңдеу жоспарланып отыр. Жұмыс Арыс қаласы мен Келес, Сары­ағаш, Шардара аудандарында жүргізіледі. Қазір мемлекеттік сатып алу рәсім­дері басталған.

Облыстық аумақтық инспек­ция басшысының міндетін атқа­рушы Марат Орынбаевтың мә­ліметінше, өткен жылы өңір­де шегіртке зиянкестеріне қар­сы 715,3 мың га алқапта хи­мия­лық өңдеу жұмысы жүр­гізілген. Биыл 11 ауданда 421,5 мың га алқапта химиялық өңдеу жоспарланған. Бүгінде қар­жыландыру көлеміне сәйкес 374,1 мың гектарды қамту көзделіп отыр. Шегірткеге қарсы күрес шараларына 2 030 адамды жұмылдыру жоспарланған.

Сондай-ақ агротехника­лық шаралар аясында 2,2 мың га аумақта жер жырту жұмысы жүргізіліп, оның жартысы игеріл­ген. Бұл әдіс зиянкестердің кө­беюін 35-50%-ға төмендетуге мүм­кіндік берген. Алдағы кезеңде Келес ауданында жалпы көлемі 143 350 га жерді зиянкестерден қорғау мақсатында химиялық өңдеу жұмысы жүргізіледі. Сарыағаш ауда­нында химиялық өңдеуді 10 ауылдық округте жүргізу жоспарланған. 88 600 гектарды қамту көзделіп отыр. Жалпы, ауданда өңделетін аймақ 18 секторға бөлінген.

Сонымен  қатар Сырдария өзені бойындағы шіркей дернә­сілдерінің дамуы тұрақты бақы­лауға алынған. Бұл жұмыспен «Өсімдіктерді қорғау-К» ЖШС мекемесінің ғылыми сүйемелдеу тобы айналысып жатыр. Биыл энтомологиялық мониторинг мақсатында өзен бойын­да бірнеше кезеңдік бақы­лау жүргізілді. Сырдария өзе­ні­нің Түркістан облысы аумағынан өтетін бөлігінің ұзындығы 350 шақырымнан асады. Өзен бойын­да зерттеу, өңдеу жүргізілетін арнайы учаскелер белгіленген. Отырар ауданы аумағында да шіркейге қарсы дезинсекциялау жұмысы басталды. Жалпы, дезинсекциялау шаралары Сырдария өзені бойы мен елді мекендер аумағын қамтиды.

 

Түркістан облысы 

Соңғы жаңалықтар