• RUB:
    6.68
  • USD:
    520.93
  • EUR:
    609.07
Басты сайтқа өту
Баға Бүгін, 09:00

Баға өсімі баяуласа, тұрмыс түзеле ме?

20 рет
көрсетілді

Есеп-қисапқа жүйрік мамандар елімізде, міне, алтыншы ай қатарынан инфляция деңгейінің баяулағанын айтып жатыр. Бұл жағдай халықтың тұрмысын жақсартуға ықпалын тигізе ме? Жалпы, инфляцияның бәсеңдеуі мен нарықтағы бағаның өзгерісі әр кез бірдей әсер бере бермесе керек. Осы қайшылықтың сырына үңіліп көрдік.

Үкіметтің дерегінше, инфляция 2025 жылғы қыркүйектегі 12,9 пайыздан 2026 жылғы наурыз қорытындысында 11 пайызға дейін төмендеген. Бағаның баяу­лауына бірқатар нақты шара әсер еткен. Атап айтқанда, реттелетін қызметтер саласында (яғни электр энергиясы, су, жылу секілді тарифтері мемлекет бақылауында болатын қыз­меттер) табиғи монополия субъ­ектілерінің операциялық шы­ғын­дары оңтайландырылған. Соның есебінен тарифтерді ұстап тұруға мүмкіндік туған. Сонымен қатар әлеуметтік маңызы бар азық-түлік өнімдерін өндірушілерге электр энергиясы мен теміржол тасымал тарифтері 70 пайызға дейін төмендетілген. Наурыз айының қорытындысында жылдық азық-түлік инфляция-сы 11,7 пайызды құрап, бір пайыздық тармаққа төмендеген. Ал сәуірдің алғашқы аптасында әлеуметтік маңызы бар тауарлар бағасының өсімі нөлдік деңгейде тіркелді. Бұл – өткен жылдың осы кезеңіндегі 1,6 пайыздық өсіммен салыстырғанда айтарлықтай өзгеріс.

«Бағаны одан әрі тұрақтанды­ру мақсатында Сауда және интеграция министрлігі Мал шаруа­шылығы одағымен меморан­думға қол қою мәселесін пысық­тап жатыр. Құжатта ет өнімде­рінің белгілі бір тобына жыл соңына дейін шекті баға белгілеу көзделген. Бұл ішкі нарықты тұрақтандыруға әрі бағаның күрт өсуіне жол бермеу­ге мүмкіндік береді», деген еді Үкіметтің баспасөз қызметі.

Десе де, инфляция деңгейі адам­дар­дың күнделікті тәжірибе­сіне де тікелей байланысты. Ха­лық инфляцияны ресми статис­тика арқылы емес, өз тұтыну себеті арқылы бағалайтыны анық.

Әсіресе азық-түлік бағасының өзге­рісі жалпы экономикалық ахуалдың басты индикаторы ре­тінде қабылданады. Сол себепті баға өсімі баяуласа да, тұрмыс-тіршілікте тапшылық жиі болады. Тіпті қалыпты құбылысқа айналып кетті. Осы мәселені экономист Руслан Сұлтанов кеңірек түсіндіріп берді.

– Инфляцияны көбіне тек пайызбен өлшенетін көрсеткіш ретінде қабылдаймыз. Бірақ шын мәнінде ол – миллиондаған адам­ның күнделікті қабылдайтын ше­шім­дерінің жиынтығы. Адам дүкенге барғанда не сатып алады, ақшасын үнемдей ме, әлде жұмсай сала ма немесе несие ала ма – осының бәрі инфляцияға әсер етеді. Егер халық ертең баға тағы өседі деп сенсе, бүгін керек заттарды көбірек сатып алып қоюға тырысады. Бұл сұранысты арттырып, бағаны қайтадан жоға­рылатып жібереді. Яғни инфляция өзінен-өзі күшейеді. Сон­дықтан инфляцияны басқару тек пайыздық мөлшерлемеге байланысты емес, адамдардың ой-пікірі, қаржы сауатын, үмітін жүйелеу арқылы да жүзеге асады, – дейді ол.

Осы тұрғыдан алғанда, ин­фля­­­ция­ның баяулауы – тек жарты нә­­тиже. Екінші жартысы – оны қоғамның қалай қабыл­дай­­тынында. Егер халық ресми көрсеткішке сенбесе немесе оны өз тәжірибесімен сәйкестендірмесе, экономикалық саясат­тың әсері әлсірейді. Мұндай айырма­шылық әлеу­меттік құрылымнан да көрі­не­ді. Табысы төмен отбасына инфляция аспандап кетеді, себебі олардың шығынының басым бөлігі азық-түлікке жұмсалады. Ал дәл осы сегментте баға өзгерісі тез байқалады.

– Ақша-несие саясаты тек орталық банктің шешімдерімен шектелмейді. Оның нәтижесі халықтың сол шешімдерді қа­лай қабылдайтынына байланыс­ты. Егер адамдар Ұлттық банктің не істеп жатқанын, неге мөлшерлеме көтерілгенін немесе баға не себепті өсіп жатқанын түсінбесе, олар өз бетінше қорытынды жасайды. Ал бұл көбіне қате бола­ды. Мысалы, халық инфля­цияны тек азық-түлікпен өлшейді, бірақ оның артында тұрған факторларды ескере бермейді. Сондықтан ең басты мәселе – күрделі экономикалық үдерістерді қарапайым тілмен түсіндіру. Елге түсінікті коммуникация болмаса, ешқандай саясат толық жұмыс істей алмайды, –  дейді Р.Сұлтанов.

Расында, инфляцияның баяулауы оның әсері әлсіреді дегенді білдірмейді. Керісінше, бағаның өсу қарқыны төмендегенімен, оның салдары халықтың нақты табысы мен жинағына қысым түсіруі әбден мүмкін. Қаржыгер Тұрар Әбди де инфляция – ең алдымен табысы төмен топтарға әсер ететін «жасырын салық» деп отыр.

– Инфляция – бұл көзге көрін­бейтін, бірақ күн са­йын әсер ететін салық. Әсіресе қарапайым азаматтарға. Адам жалақысының бір бөлігін депозитке салып, бола­шағын ойлап, жинайды. Қара­жат көлемі өсіп жатқандай көрінеді, бірақ уақыт өте келе сол ақшаға алуға болатын тауарлар азайып кетеді. Себебі ресми инфляция бір басқа да, өмірдегі нақты баға өсімі мүлде басқа. Мемлекеттік статистика – бұл орташа көрсеткіш қана. Ал шынайы өмірде адамдар жиі сатып алатын азық-түлік, ет, коммуналдық қызмет әлдеқайда жылдам қым­баттайды. Мысалы, рес­ми дерек бойынша инфляция 11 пайыз болса, азық-түлік бағасы 13–13,5 пайызға, ал ет бағасы 20 пайыздан да жоғары өсуі мүмкін. Мұндай айырмашылықты статистика толық көрсете бермейді, бірақ оны әр отбасы өз қалтасынан сезінеді, – дейді қаржыгер.

Оның үстіне кейбір өндіру­шілер бағаны өзгертпей, өнімнің көлемін азайтып жібереді. Мыса­лы, бұрынғы 1 литрдің орнына 900 мл құяды. Мұны біз байқамай қаламыз, бірақ ақшамыз бәрібір көбірек кетеді. Бұл жағдай жинақ­қа да әсер етеді. Жұрт «депозитке ақша салсам, қорғалдым» деп ойлайды. Бірақ мәселе пайызда емес, ақшаның шын мәніндегі құнында.

– Қаржыда «72 ережесі» деген бар. Егер өзіңіздің шығы­ныңыз жылына шамамен 15 пайызға өсіп отырса, 72-ні 15-ке бөлесіз, сонда 5 жылға жетпей-ақ ақшаңыздың құны екі есе кемиді. Табысыңыздың деңгейін солай анықтауға болады. Яғни бүгінгі 10 миллион теңгеге алатын дүниені бірнеше жылдан кейін сол ақшаға оның жарты құнын ғана төлей аласыз. Сон­дықтан депозиттің пайызы жоға­ры көрінгенімен, егер ол сіздің күнделікті шығыныңыздан қалып қойса, онда ақшаңыз өсіп жатқан жоқ, керісінше, үнсіз азайып жатыр деген сөз, – дейді Т.Әбди.

Осыдан келіп инфляцияның тағы бір маңызды қыры ашылады. Ол – табысты қайта бөлу құралы. Яғни инфляция кейбір топтарға тиімді, ал кейбіреулерге зиян. Қаржыгердің айтуынша, инфляциядан, ең алдымен қарызы бар адамдар ұтады. Егер несие пайыздық мөлшерлемесі инфляция­дан төмен болса, онда қарыз уақыт өте келе «арзан ақшаға» айналады. Сонымен қатар актив иелері – жылжымайтын мүлік, акция немесе алтын ұстағандар да ұтады, өйткені олардың құны инфляциямен бірге өседі. Ал ең көп зиян шегетіндер – жинағын тек ақша түрінде сақтайтындар. Демек инфляция жағдайында ең осал топ – қаражатын тек қолма-қол ақшада немесе депозитте ұстайтын адамдар. Себебі олардың капиталы инфляциямен бірге өспейді. Мұндай жағдай елімізде талай рет болған. Мысалы, 2015 жылғы девальвация кезінде теңгедегі жинақ бір сәтте шамамен 35 пайызға құнсызданды. Мұндай тәуекел әрдайым бар.

Осының бәрі инфляцияға бейімделудің маңызын көрсетеді. Қандай жағдайға да дайын болу үшін қаржылық мінез-құлықты өзгерту қажет.

– Біріншіден, кез келген инвес­тиция немесе жинақ бойынша нақты табыс­ты есептеу қажет. Яғни ресми инфляцияны емес, жеке шығындардың өсу қарқынын ескеру маңызды. Екіншіден, қаражатты әртараптандыру – бас­ты қорғаныс құралы. Ақша бір ғана құралда сақталмауға тиіс: депозит – қысқамерзімді қауіпсіздік үшін, валюта – девальвациядан қорғау үшін, ал акциялар мен облигациялар – ұзақмерзімді өсім үшін қажет. Үшіншіден, табысты инфляцияға сай индексациялау маңызды. Егер жалақы жыл са­йын өспесе, онда адамның табысы іс жүзінде жыл сайын азая береді, – деп түсіндірді қаржыгер.

Қорыта айтқанда, инфля­ция­ның баяулауы – оң үрдіс бол­ға­нымен, бұл толық тұрақтану дегенді білдірмейді. Бағаның өсу қарқыны төмендегенімен, оның әсері халықтың нақты табысы мен жинағына қысым түсіруді жалғастырып отыр. Сарапшылар атап өткендей, инфляция тек макроэкономикалық көрсеткіш емес, ол – адамдардың күнделікті таңдауы мен қаржылық мінез-құлқына әсер ететін күрделі құ­бы­лыс. Сондықтан қазіргі жағ­дайда басты міндет – тек инфляцияны тежеу емес, оған бейімделу, қаржылық сауаттылықты арттыру мен халықтың нақты табысын қорғау. Сонда ғана ресми көр­сет­кіштер мен қоғамның шынайы сезімі арасындағы алшақтық қысқарады.

Соңғы жаңалықтар