• RUB:
    6.68
  • USD:
    520.93
  • EUR:
    609.07
Басты сайтқа өту
Айбын Бүгін, 08:45

Шатқалдағы шайқас

10 рет
көрсетілді

Биыл Тәжікстанның Пяндж өзені бойындағы Пшихарв шатқалында болған қанқұйлы шайқасқа 31 жыл толды. 1995 жылы 7 сәуірде ТМД-ның оңтүстік шекарасын қорғауға аттанған отандық жауынгерлер содырлардың тұтқиылдан шабуы­лына ұшыраған еді. Күш тең болмаса да, сарбаздарымыз сын сағатта жанқиярлық танытып, жаудың екпініне тойтарыс бере білді. 17 жауынгер қаза тауып, 33-і түрлі дәрежедегі жарақат алды.

Жыл сайын 7 сәуірде Ұлттық ұланда Ерлік күні аталып өтеді. Бұл күн кейінгі жас сарбаздарға антқа адалдық пен Отан қорғау жолындағы табандылықтың ерен үлгісін көрсететін тағылым мысалы.

Жылдағы дәстүрге сай елордамыз­да ұландық жауынгерлер Ерлік аллея­сындағы «Ер есімі – ел есінде» монументіне гүл шоқтарын қойып, «Қазбат» батырларын еске алды. Іс-шараға Ұлттық ұланның қолбасшылығы, жергілікті атқарушы органдардың өкілдері, сондай-ақ әскери қақтығыстардың ардагерлері қатысты.

Жиынға қатысушылар жауынгер­лер­дің ерлігі мен жанқиярлығын еске алып, тағзым етті.

«7 сәуір – тек еске алу күні ғана емес. Бұл – ерлік рухын ұлықтайтын, отансүйгіштікті дәріптейтін маңызды күн. Біз батырларымыздың ерлігін әр­дайым мақтан тұтамыз. Олардың рухы ал­дында бас иеміз», деп атап өтті Ішкі істер министрінің орынбасары – Ұлттық ұлан­ның бас қолбасшысы, генерал-ма­йор Аңсаған Балтабеков.

КСРО құлаған соң, Тәжікстанда азамат соғысы басталып, тұрақсыздық толқыны бүкіл Орталық Азияға таралу қаупі туындаған еді. Бұған арғы жақтағы Ауғанстаннан заңсыз жолмен келіп жатқан қару-жарақ ағыны қосылып, жағдайды күрделендіре түсті. Соның ішінде Пяндж өзені арқылы контрабанда тасымалы, әсіресе есірткі сау­дасы шарықтап тұрған болатын. Осы келеңсіздіктерге тосқауыл қою үшін Қазақстан, Ресей, Қырғызстан және Өзбекстан біріккен бітімгерлік күштерін құрып, Тәжікстан шекарасын тізе қосып күзету туралы шешім қабылдады. ТМД елдерінің оңтүстік шебін қорғауға Ішкі әскердің 20 ротасы іріктеліп, 2 мыңға жуық әскери қызметші оқ пен оттың ортасында жауынгерлік қызмет атқарды.

Сол кездегі 7-ротаның командирі, ардагер Ерлан Алданазаровтың айтуынша, 1995 жылдың наурыз айында олар Шымкенттегі жедел мақсаттағы полк­тен тәжік-ауған шекарасына аттанған. 6 сәуірде оларға Подкунов шекара заставасынан Пшихарв шатқалына бару туралы бұйрық беріледі. Мақсат – Пшихарв шатқалында бір взводты қалдырып, әрі қарай Висхарв шатқалына екі взводты орналастыру. Шекара заставасынан ол жерге дейінгі арақашықтық – 200–230 шақырым.

«Түнімен дайындалып, авто­көліктерге жүктерді тиедік. Таңғы астан кейін колоннамен жүріп кеттік. Сағат 12.20-да Пшихарв шатқалына тоқтадық. Бір кезде тау төбесіне жасырынған содырлар біздің колоннаны жан-жағымыздан атқылай бастады», деп еске алады рота командирі.

Содырлар әскердің келе жатқанын алдын ала біліп, шатқалдың ең тар жерінде тау төбелеріне жасырынып, шабуыл бастауды күтіп жатса керек. Сол жерде бірнеше сағатқа созылған шайқас болып, қазақ жауынгерлері тұзаққа тап болғанына қарамастан, кері шегінбей, жаудың бетін қайтара білді.

Кейін Президент Жарлығымен әскери борышын өтеу кезінде көрсеткен ерлігі мен батылдығы үшін II дәрежелі «Айбын» орденімен – 5, «Жауынгерлік ерлігі үшін» медалімен 12 әскери қызметші қаза болғаннан кейін мемлекеттік наградалармен марапатталды.

Жалпы, 1993 жылдан 2001 жылға дейін Тәжікстанда шекара күзеткен 43 әскери қызметші қаза тапса, 100-ден аса бітімгер жарақат алды.

Соңғы жаңалықтар