Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Әзірет сұлтан» әлеміне терең бойлап, оның кең түрде насихатталуына маңыз берген еді. Оның Түркістан жұртшылығымен кездесуде айтқан сөзі мемлекеттің рухани ұстанымын айқындай түсті. Сонымен, Президент қандай тапсырма жүктеді? Біріншісі, Қожа Ахмет Ясауиді ең алдымен қазақ халқының мақтанышы ретінде қабылдау; Бабамызды ірі мемлекеттерде кең ауқымда дәріптеу; Ол туралы жоғары сападағы туындылар мен фильмдерді жарыққа шығару; Әр облыста Ясауи оқуларын ұйымдастыру; Мемлекеттік наградалар қатарына Қожа Ахмет Ясауи орденін енгізу.
Ал енді бірінші мәселеге тоқталайық. Біз Абай, Шәкәрім сияқты ойшылдарды қазақ халқының мақтанышы ретінде қабылдап үйрендік. Абай десе, қазақ, қазақ десе, Абай елестейді дегендей. Бірақ Қожа Ахмет Ясауиге келгенде бұқара халықтың танымы әлі бұлдыр. Оның аты аталғанда көпшіліктің көзіне араб пен парсы тілін ығыстырып, түркі тілінде хикмет таратқан ақылман абыз немесе 99 мың машайық, 12 мың ханзаданың рухани ұстазы емес, есіл өмірін жер астында өткізген дәруіш қана елестейтін сияқты. Бұл – ұлт тұлғасының бейнесін қасақана көмескілендіру жұмысының нәтижесі. Шын мәнінде халқымыз Мұхаммед пайғамбардан кейін Қожа Ахмет Ясауидің есімін атайды. Өйткені түркілер исламды арабтар арқылы емес, Әзірет сұлтанның хикмет жырлары арқылы қабылдады. Ясауидің «Менің хикметтерім пәрмен-сұбхан, оқып білгенге бар мағынасы Құран» дейтіні содан.
Ясауидің қазақ халқының мақтанышы болатын бір дәлелі – хикметтердің қазақ поэзиясымен табиғи қабысып, халықтың көркем ойлау жүйесіне сіңіп кетуі. Филология ғылымдарының кандидаты, ясауитанушы Болат Қорғанбек келтірген дерек осыны нақты айғақтайды. «Қазақ поэзиясында негізінен екі форма қалыптасқан. Бірі қара өлең, бірі жыр үлгісі. Екеуінің де өзіне тән тұрақты өлшемі бар. Қара өлеңде соңғы бунақ 4 буынға негізделсе, жыр үлгісінде де соңғы бунақ 3 буынмен аяқталады. Осы поэтикалық құрылым Қожа Ахмет Ясауи хикметтерінің де негізгі формасын құрайды. Басқа халықтардың ауыз әдебиетінде мұндай дәстүр кездеспейді. Бұл құбылыс қазақ жұртының Ясауи хикметтерін поэзиялық үлгі ретінде қабылдап, оны ұзақ уақыт бойы санасында сақтап келгенін аңғартады. Ясауи хикметтері XII ғасырда дүниеге келіп, хатқа түскен XV ғасырға дейін негізінен ауызша тарағаны белгілі. Осы кезеңдерде қазақ халқының негізін құраған ру-тайпалардың әдебиеті де жазба емес, ауызша сипатта өрбіді. Қазақ хандығы құрылғаннан кейін де бұл үрдіс жалғасын тауып, халықтың көркем сөз мұрасы ауызша дәстүр арқылы сақталып отырды», дейді ғалым.
Келесі әңгіме «Әулиелер сұлтанының» зерттеліп, дәріптелуіне қатысты. Қожа Ахмет есімі ең алғаш Мәшһүр Жүсіп Көпейұлының шығармашылығынан, Жүсіпбек Аймауытұлы мен Міржақып Дулатұлының мақалаларынан көрінеді. Ал оның мұрасына қатысты іргелі еңбектерді Х.Сүйіншәлиев, Ә.Қоңыратбаев, М.Жармұхамедұлы сияқты ғалымдардан көреміз. Ал «Диуани хикметтің» ғылыми айналымға енген алғашқы қазақ тіліндегі аудармасы – 1901 жылы Қазан баспасынан шыққан Маңғышлау Тынышлықұлының еңбегі. Бірақ бұл тәржіме кәсіби аударма талаптарына сәйкес келмей, айналымға түсе қойған жоқ. Содан бері жиырмадан астам аударма нұсқасы жасалды. Солардың ішінде көп еленбей қалған тәржіман – Сыраш Битенов еді. Бұл адам Ясауи хикметтерін ең алғаш қазақ тіліне қалыптаған жандардың бірі. Мамандығы – кенші. Туып-өскен жері Қызылорданың Қазалы ауданынан. 1961 жылы Қарағандының шахтасына жұмысқа тұрып, сонда қалып қойған. Ал көне мәтіндерге әуестігінің сыры өзінің күнделігінде айтылады. «Кенші боп жүрген кезімде бір үлкен кісі Құрандағы бір сөзді түсінбей, «мағынасын біліп берші» деп мені мешітке жұмсады. Міне, менің ғылымға деген құштарлығым осы сәттен басталды. Содан бір аптада араб қарпін үйреніп алдым. Сөйтіп жүргенімде Атаның хикметі қолыма түсе кеткені. Енді оны қалай оқу керек? Ешкім ескі түркіше білмейді. Сосын оның амалын іздеп, ақыры таптым. Алматыдан шығатын ұйғырдың «Яна хайат» деген газетін, қырғыздың «Алатоо», өзбектің «Шарык жұлдыз», татардың «Қазан отлары» деген журналдарын жаздырып алып оқыдым. Осыларды оқи-оқи тілімді жаттықтырған соң «Диуани хикметті» оқып қарасам, ескі түрік тілі дегеніміз осы тілдердің түп төркіні екен», дейді С.Битенов. Осы тұста Ясауи тілі қазақ тілінен алшақ деген ұғым қалыптаспауы керек. Аударма авторының ана тілі – қазақ тілі болғандықтан һәм оны жетік білетіндіктен, туыстас тілдердегі ортақ сөз қолданыстарды меңгергісі келгенін есте ұстау керек. Әйтпесе, Қожа Ахмет Ясауи шығармаларын біржола өзбек, тәжік, ұйғыр тілдеріне итере салғысы келетіндер кездеседі. Бұл дұрыс емес. Кезінде мұны Рәбиға Сыздықова «Ясауи хикметтерінің тілі» еңбегінде жазған болатын. Сөйтіп, Ясауидің 148 хикметін аударған Сыраш Битенов 1987 жылы «Орталық Қазақстан» газетінің редакциясына келген. Редактор Нұрмахан Оразбек кеңестік жүйеге қарамастан, тәуекел деп Ясауи хикметтерін газетке жариялап жібереді. Сол хикметтерді газетке қалыптаған журналист – белгілі ақын Оңайгүл Тұржан еді. Кейін ол әулиенің хикметін аударған кеншіден сұхбат та алған.
Ясауи хикметтерін аударған тағы бір қаламгер – белгілі драматург Қалтай Мұхамеджановтың туған ағасы Әби Мұхамеджанов. Бұл кісілердің әкелері өте тақуа адам деседі. Балаларына діни есім берген. Қалиолласы – Қалтай, Әбиболласы – Әби, Ибраһимі – Қырғызбай атанып кеткен. Өмірін дін жолына арнап Әзірет Сұлтанның «Диуани хикметін» тоғыз жылда аударып шыққан. Бұл аударманың сапасы мен ғылыми құндылығы туралы біздің «Егемен Қазақстанда» жазылған еді. Шығыс әдебиетін қанып ішкен Қалтай Мұхамеджановтың туған ағасының діндарлығы мен ескі мәтіндерге жүйріктігі көзкөрген замандастарының естелігінде тұр.
Ясауи хикметтерінің өзге тілдерге аударылуы да оның мұрасының ауқымын аңғартады. Алайда бұл бағыттағы еңбектер көп емес. ХХ ғасырдың басында Ташкентте Н.Лыкошин кейбір хикметтерді орыс тіліне аударып жариялаған. Кейін Аделина Адалис, Владимир Юдин секілді зерттеушілер жекелеген хикметтерді тәржімалап, ғылыми айналымға енгізді. Ал 2000 жылы Нағима Сағындықова 149 хикметтің орыс тіліндегі нұсқасын ұсынды. Ол ортағасырлық сопылық мәтінді өзге тілге жеткізудің күрделілігін атап өтіп, негізгі мазмұн мен стильді сақтауға айрықша мән бергенін жазады.
Кейінгі жылдары бұл бағыт жаңа серпін алды. Мәселен, аудармашы Алексей Курпяков жетекшілік еткен топ «Диуани хикметтің» алғашқы 85 хикметін орыс тіліне поэтикалық өлшемін сақтай отырып аударды. Үш жылға созылған бұл еңбек барысында түпнұсқадағы 12 буынды ырғақты жеткізуге ерекше көңіл бөлінген. Дегенмен Ясауи мұрасын жаһандық деңгейде таныту үшін хикметтерді ағылшын тіліне сапалы әрі жүйелі аудару мәселесі күн тәртібінде тұр. Себебі ағылшын тілі арқылы бұл рухани қазына әлемдік ғылыми қауым мен кең оқырманға жол тартады. Сондықтан болашақта Ясауи хикметтерін түпнұсқаға барынша жақын, көркемдік қуатын сақтай отырып ағылшын тіліне тәржімалау – маңызды міндеттердің бірі.
Бүгінгі қоғам ақпаратты көбіне кино мен сериал арқылы қабылдайды. Сондықтан Қожа Ахмет Ясауи өмірі мен ілімін заманауи тілде сөйлететін тарихи фильмдер мен сахналық қойылымдар қажет. Бұл тұрғыда түрік ағайындар алға шығып, 2021 жылы Ясауи туралы сериал түсіріп үлгерді. Ал бізде қадау-қадау деректі фильмдер түсірілгенімен, көркем фильм түсірілген жоқ. Театрларда да сол жағдай. Жер-жердегі авторлардың өз ыждағатымен Ясауи туралы пьеса жазылғанын естиміз. Бірақ олардың кең ауқымда сахналанып, тұрақты репертуарға енуі жүйелі сипат алған жоқ. Осы ретте Премьер-министрдің орынбасары – Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева ақпан айында «Драматургтер мен режиссерлердің назарына» деп, ұлттық мәдени мұраны әлемдік деңгейде танытатын спектакльдерге сұраныс барын атап өткен еді. Бұл бастамалар Ясауи тақырыбына қалам тартам деген шығармашылық иелері үшін нақты мүмкіндік бар екенін көрсетеді. Ендеше, ендігі міндет – сол мүмкіндікті мазмұны терең, көркемдік деңгейі биік туындылар арқылы кәдеге жарату.
Бұл бағытта жаңа медианың мүмкіндіктері де назардан тыс қалмай отыр. Мәселен, «Әзірет Сұлтан» мемлекеттік тарихи-мәдени қорық-музейі жанынан «Ғылыми жарияланымдар және медиа коммуникация» бөлімі құрылып, Ясауи аңыздарын жасанды интеллект көмегімен мультфильм форматына көшіру жұмысы басталған. Қазірдің өзінде төрт аңыз дайындалған. Бөлім басшысы Әлия Белдібекова әзірге төрт аңыз дайындалғанын айтады: «Ясауи мұрасын ЖИ арқылы насихаттау өте сәтті жоба. Қаралым артты, қызығушылық көбейді. Біз осылай жүзге жуық аңызды мультфильм форматында жасауды жоспарлап отырмыз. Сонымен қатар Ясауи хикметтерін балаларға түсінікті тілде жеткізетін медиа жоба әзірлеуді көздеп отырмыз», дейді.
Ясауи оқуларының тұрақты өткізіліп тұруы – құптарлық іс. Жастайынан хикметпен сусындаған ұрпақтың рухани іргесі берік болады, өмірлік бағдарында да адасуы сирек. Мұндай тәрбие адамның ішкі иммунитетін күшейтіп, сыртқы ықпалдарға қарсы тұра алатын таным қалыптастырады. Алайда Ясауиді насихаттау науқаншылдыққа ұласып, оның мұрасын тек мақтанның құралына айналдырып алмау маңызды. Ол үшін Қожа Ахмет Ясауи ілімінің терең рухани әлеміне бойлап, мазмұнын түсініп қабылдау қажет. Сонда ғана оның әдеби де, мәдени де мәні толық ашылады.