• RUB:
    6.68
  • USD:
    520.93
  • EUR:
    609.07
Басты сайтқа өту
Ғылым Бүгін, 08:05

Ізденген жетер мұратқа

10 рет
көрсетілді

Бүгінде ғылымға қызығып, болашағын осы саламен байланыс­тырғысы келетін оқушылар аз емес. Мәселен, Ақтаудағы Назарбаев зияткерлік мектебінің 12-сынып оқушылары Сара Сайранова мен Әмина Тайжанова Қаракөлдегі экологиялық жағдайды зерттеп, аққулардың жаппай қырылу себебін анықтауға атсалысты. Олар ғылыми негізделген ұсынысын тиісті мекемелерге жолдап, нәтижесінде заңбұзушылық жойыл­ды. Жас зерттеушілердің бұл еңбегі халықаралық байқауда да жоғары бағаланып, жүлделі бірінші орынға ие болған еді.

Зерттеу жұмыстары «Эко­­ли­дер» клубы ая­сында ұйым­дас­тыры­лып, оған тәжірибелі мамандар да тартылған. Жобаға химия-биология пәнінің мұғалімі Ба­қытгүл Жақсылықова мен тәуел­сіз сарапшы, клубтың аға волон­тері Әділбек Қозыбақов жетек­шілік еткен. Осылайша, жас зерттеушілер кәсіби қолдауға сүйене отырып, мәселені тереңі­рек зерделеп, оның алдын алу жолдарын қарастырған.

Сара мен Әмина «Эколидер» клубының «Қаракөл сақшылары» жасағының құрамында жыл сайын­ Қаракөлдегі құстардың қысқы, күзгі және көктемгі санақ­тарына қатысып, мониторинг жұмысын жүргізіп отырған. Жас зерт­теу­ші­лер құстарды ғана бақылап қой­май, олардың мекен ету ортасы – көл суының, топы­рағы мен ауа­сының экологиялық ахуа­лын PASCO сымсыз лаборатория көмегімен зерттеп, талдау жасаған.

«Зерттеу жұмысын жүргізу барысында Қаракөлге жақын орналасқан қонақүйлерінің бірінен құбыр арқылы кәріз сулары құйылып жатқандығы байқалды. Мемлекеттік органдар­дың ресми мәліметінше өлген аққулардан құс тұмауы табыл­ғанымен, сыртқы фактордың әсерінен құстардың иммунитеті әлсіреп, құс тұмауына шалдыққан болуы мүмкін деген болжам жасап, біз осы болжамды ғылыми тұрғыдан зерттеуге кірістік», деді ғылыми жоба жетекшісі Бақытгүл Жақсылықова.

Зерттеу барысында оқушылар мәселені бірнеше қырынан қарастырып, деректерді кешенді түрде жинақтаған. Олар тек бақылаумен шектелмей, тәжірибе жасап, алынған нәтижелерді ғылыми тұрғыдан саралаған.

«Жоба барысында тек тео­риялық біліммен шектелмей, практикалық зерттеулерді де жүргіздік. Бұл кезең ерекше жауап­кершілікті талап етті, себе­бі алынған нәтижелердің дәл­дігі бүкіл жобаның сапасына әсер етеді. Зерттеу кезінде кейде күмән мен шаршау сезі­мі бол­ғанымен, жобаның маңыз­дылығы мен мақсаты бұл сезім­дерден әлдеқайда жоғары тұрды. Экологиялық мәселелер­ді зерттеу барысында табиғат пен адам әрекетінің өзара байланысын терең түсіндік. Біз Қаракөлдің су құрамын, ондағы құстар әле­мін, бұл аймақтың қоныс аударатын құстарға қаншалықты қолайлы екенін зерттедік. Қызыл кітапқа енген түрлері туралы мәліметтерді сарапшылар мен ресми деректер негізінде қарастыр­дық. Жетекшілерімізбен бірге жүргізген тәжірибелердің нәтижесін талдап, көл суының биохимиялық құрамының құс­тардың ауруға шалдығуына әсері болуы мүмкін деген болжамымызды ғылыми тұр­ғыдан дәлелдедік», деді Сара Сай­ранова.

Осылайша, Әмина мен Сара Ресей Федерациясының Санкт-Петербор қаласында өткен В.Я.Курбатов атындағы «Химия: ғылым және өнер» мектеп, гимназия, лицей және колледж оқушылары арасындағы XIV халықаралық олимпиада-конкурсына қатысып, «Химия және экология» секциясы бойынша жеңімпаз атанды.

«Бұл жоба өте өзекті тақы­рып­ты қамтиды. Қаракөлдегі аққулардың қырылуы тек Қа­зақ­­стан мен Орталық Азия­ның ғана емес, әлемдегі осындай техногендік сулы-батпақты аумақтардың да маңызды мәсе­лесі. Сондықтан бұл зерттеудің ғылыми әрі табиғатты қорғау тұрғысынан маңызы зор», деді профессор, биология ғы­лымдарының докторы, Мензбир орнитологиялық қоғамының президенті Эльдар Рустамов.

Көл суының химиялық құра­мын зерттеу қорытындысында рұқсат етілген шекті концентра­циядан көптеген химиялық компоненттің бірнеше есе артық мөлшері анықталып, құзырлы органдарға ресми хабарланған. Нәтижесінде, тиісті тексеріс жүргізіліп, Қара­көлге кәріз сулары құйылып жатқан құбыр алынып тасталып, кінәлі тұлға әкімшілік жауапкершілікке тартылып, мем­лекет қазынасына айыппұл өндірілген.

«Біз он жылдан бері ерікті­лерімізбен бірге мемлекеттік органдарға Қаракөлді сақтауға байланысты ұсыным беріп ке­леміз. Солардың бірі – Қызыл кітапқа енген құстар мекендейтін сулы-батпақты алқапты тәулік бойы қорғауға алу туралы. Осы жобамыздың нәтижесінде тиіс­ті орындар жанайқайымызға құлақ асып, қазіргі таңда Үстірт мемлекеттік табиғи қорығы Қара­көлді 24/7 форматында вахта­лық әдіспен қорғап келеді», деді «Эколидер» клубының аға волон­тері Әділбек Қозыбақов.

Ал жас ғалымдардың жетек­шісі Бақытгүл Жақсылықованың сөзінше, бұл жетістік жастардың ғылыми волонтерлікпен айна­лысуға әлеуеті мол екенін айқын көрсетті.

«Ғылым мектеп табалдыры­ғынан басталады. Себебі зерттеу жұмыстарына қызығушылық қазіргі жастарда оқушы кезінде қалыптасып, әрі қарай студент, магистрант, докторант кездерінде дамиды. Ұстаз оқушы бойындағы дарындылығын айқындап, қабі­летін ашып, ғылымға баулу арқы­лы ғылымға үлес қоса алады. Мек­тептен бастап, ғылыми зерт­теу дағдысы қалыптасқан оқу­шы ғы­лымсүйер тұлғаға айнала­ры сөз­сіз. Ғылым дамыса, еліміз де да­миды, көркейеді, эконо­ми­ка­сы да, әлеуметтік жағ­дайы да дүниежүзі бойынша алдың­ғы қатарлы дамыған елдер­мен теңеседі. Осылай біз бо­лашақ Сәтбаевтарды, Асфендия­ровтар­ды, Есеновтерді тәрбиелей аламыз деген сенімім мол», деді ол.