Сенат cпикері Мәулен Әшімбаевтың төрағалығымен Палата отырысы өтіп, онда күн тәртібіне шығарылған заңдар қаралып, депутаттық сауалдар жолданды.
Тараптарды тұтастырған екі заң
Отырыс барысында сенаторлар «Әзербайжан Республикасы, Қазақстан Республикасы және Өзбекстан Республикасы арасындағы жасыл энергияны өндіру және беру саласындағы стратегиялық әріптестік туралы келісімді ратификациялау туралы» заңды қарап, мақұлдады. Талқылау кезінде аталып өткендей, бұл келісімді ратификаттау энергетикалық қауіпсіздікті нығайтуға, транзиттік бағыттарды әртараптандыруға және төмен көміртекті өнім экспорттау арқылы Қазақстанның тұрақты экономикалық өсіміне ықпал етеді.
«Қаралған үшжақты келісім елдеріміз арасында жасыл энергетиканы дамыту жолындағы бірлескен жұмысты айқындайды. Оның тиімділігін арттыру мақсатында тараптар арнайы Басқарушы комитет пен Жұмыс топтарын құруды көздеп отыр. Жалпы, бұл заңды мақұлдау елімізде жаңартылатын энергия саласын дамытуға, осы бағытта өңірлік ынтымақтастықты нығайтуға өз септігін тигізеді деп сенеміз», деді М.Әшімбаев.
Аталған заң арқылы тараптар «жасыл» электр энергиясын сенімді әрі үздіксіз жеткізуді қамтамасыз ету үшін техникалық және коммерциялық шарттарды айқындайды. Сондай-ақ келісім энергия тиімділігін арттыруға арналған жаңа технологияларды енгізуді қарастырады. Құжатта энергияны Еуропаға және өзге де өңірлерге экспорттауға арналған инфрақұрылымды дамыту мәселесі де қамтылған.
Сонымен қатар депутаттар «ТМД-ға қатысушы мемлекеттердің радиациялық жағдай мониторингінің деректерімен алмасу кезіндегі өзара іс-қимылы туралы келісімді ратификациялау туралы» заңды қарап, мақұлдады. Тараптар бұл заң нормалары аясында ақпараттық өзара іс-қимыл шеңберінде деректермен тұрақты алмасуды қамтамасыз етуге, олардың дұрыстығына кепілдік беруге және техникалық іркілістер туралы жедел хабарлауға міндеттенеді. Келісім радиациялық жағдайға мемлекеттік мониторинг жүргізу жүйесінің деректеріне ғана қолданылады және атом энергия-сын пайдалану объектілеріндегі радиациялық мониторинг деректеріне қолданылмайды.
Зерендідегі мұражай құрылысы тоқтап тұр
Палата отырысы соңында сенаторлар өздерінің депутаттық сауалдарын жолдады. Депутат Талғат Жүнісов Премьер-министр атына жолданған сауалында Зерендіде салынатын тарихи-өлкетану музейінің құрылысына бюджеттік қолдау көрсету мәселесіне тоқталды. Нысанды Ақмола облысындағы туристік кластердің заманауи визит-орталығы қызметін атқаратын креативті хабқа айналдыру көзделген. Алайда қазіргі таңда жоба қаржыландыру тапшылығына байланысты тоқтап тұр.
Жоба мәдени мұраны сақтау, жаңаша индустрияларды дамыту және туристерді қолдау мақсатында көпфункционалды кеңістік құруды көздейді. Бұл ретте ауданның «Бурабай» және «Шалқар» курорттық аймақтары арасында орналасуы нысанды туристерге тартымдылық нүктесі ретінде қарастыруға мүмкіндік береді.
Сенатор сонымен қатар жобаның жалпы құны 1 млрд 170 млн теңге болған кезде оны іске асыруға 200 млн теңге бөлінгенін, бұл ретте қаржыландыру тапшылығы 878 млн теңгені құрайтынын атап өтті.
«Қазіргі уақытта қаржыландырудың болмауына байланысты жобаны іске асыру іс жүзінде тоқтатылды. Жобаны қаржыландыру мақсатында 2025 жылы Ақмола облысының әкімдігі Ұлттық экономика министрлігіне бірнеше рет бюджеттік өтінім жолдады. Алайда аталған өтінімдер бюджет қаражатының тапшылығына байланысты қолдау таппады. Ақмола облысының субвенционалдығын, облыстық бюджеттің шектеулі мүмкіндігін ескеретін болсақ, жоба әлеуетті ұзақмерзімді құрылысқа айналатындай. Жоғарыда айтылғандардың негізінде Зеренді ауылындағы визит-орталықпен біріктірілген тарихи-өлкетану мұражайының құрылысын аяқтауға биыл Арнаулы мемлекеттік қордан қаражат бөлуге жәрдем көрсетуді сұраймыз», деді Т.Жүнісов.
Фермерлерге қаржылық қолдау қажет
Сенатор Сұлтан Дүйсембинов ауылдағы шағын бизнесті қолдау мен қарыз алушылардың ең осал санаттарына атаулы көмек көрсету мақсатында кредиттік серіктестіктер жүйесін реформалауды, сондай-ақ агроөнеркәсіп кешенін нарықтық қаржыландыру тетіктерін енгізуді ұсынды. Бұл ретте шаруаларға көрсетілетін қаржылық қызметтер тізбесін заңнамалық тұрғыда кеңейту маңызды шара болмақ.
«Кредиттік серіктестіктер ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерді қаржыландыруға қолжетімділікті қамтамасыз етеді, екінші деңгейдегі банктермен салыстырғанда қарыз алушыларға неғұрлым икемді талаптар қояды. Фермерлердің банк ресурс-тарына қолжетімділігі шектеулі болған жағдайда олардың маңыздылығы сақталып отыр. Алайда жинақталған жүйелі проблемалар қолданыстағы модельді кешенді бағалауды қажет етеді», деп атап өтті сенатор Премьер-министрге жолданған сауалында.
Сондай-ақ өз сөзінде ол серіктестіктердің басқа қаржы институттарымен салыстырғанда тиімсіз жағдайда екенін баса айтты. Қарыз алушылар жарғылық капиталға қаражат салуға және ортақ жауапкершілік арқалауға мәжбүр, сонымен бірге серіктестіктердің жеке ресурс базасы жоқ әрі Аграрлық несие корпорациясының қаржыландыруына тәуелді.
«Қолданыстағы модельді өзгертпей сақтау бюджет шығыстары тиімділігінің төмендеуіне, агросектордың мемлекеттік қолдауға тәуелділігінің артуына және қаржылық тәртіпті нығайтуға деген ынтаның болмауына әкеп соғуы мүмкін. Несие серіктестіктерін баламасыз жою фермерлерді қаржыландыруды нашарлату қаупін тудырады, ауылдық аймақтардағы әлеуметтік экономикалық шиеленістің артуына әкеледі», деді С.Дүйсембинов.
Сенатор кредиттік серіктестіктерді жүйелі түрде трансформациялауға көшуді ұсынды, оның ішінде заңнаманы жетілдіріп, олар көрсететін қаржылық қызметтер тізбесін кеңейтуді, қаржылық жағынан әлсіз бірлестіктерді шоғырландыру мен ірілендіруді, сондай-ақ мемлекеттік ресурстарды бөлу тәсілдерін қайта қарай отырып, агроөнеркәсіптік кешенді қаржыландыру нарығын құрылымдауды атап өтті.
Инклюзивті спортты дамытудың жаңа бағыттары
Айнұр Арғынбекова Премьер-министрге жолдаған депутаттық сауалында Мемлекет басшысының тапсырмасын іске асыру аясында инклюзивті спортты дамытуға арналған жаңа бастамаларды ұсынды. Нақты айтқанда, депутат өңірлік орталықтардың жұмысына бірыңғай регламент әзірлеу, оларды тең қолжетімділік қағидаттары негізінде қаржыландыру тетіктерін айқындау және кадрлық әлеует пен саланың нормативтік базасын күшейту керек екенін атап өтті.
«Елімізде мүгедектігі бар 743 мыңға жуық адам тұрады. Дегенмен осы санаттағы азаматтардың бір бөлігі ғана спортпен тұрақты түрде айналысады. Талдау көрсеткендей, кедергі болып отырған кешенді мәселелер бар. Спорт инфрақұрылымдарына қолжетімділік шектеулі күйде қалып келеді, ол нысандардың бір бөлігінде мүгедектігі бар адамдарға толыққанды пайдалануға мүмкіндік жоқ. Кадрмен қамтамасыз ету де нашар: бейімделу мақсатындағы дене шынықтыру және спорттық медицина саласындағы мамандарды даярлауда бірыңғай жүйе жасалмаған», деп атап өтті А.Арғынбекова.
Сенатор сонымен қатар спорттық медицина саласында сараланған тәсілдерді енгізу, клиникалық хаттамаларды, білім бағдарламаларын және халықаралық сертификаттауды әзірлеу қажеттігін атап көрсетті.
Отырыста, сондай-ақ сенатор Ғалиасқар Сарыбаев коммерциялық емес ұйым нысанында жұмыс істейтін ұлттық зерттеу университеттерінің автономиясын кеңейту мәселесіне назар аударды. Депутат қазіргі үлгі олардың инвестиция тартуы-на және әзірлемелерді коммерцияландыруына шектеу қойып отырғанын айтып, Nazarbayev University тәжірибесін кеңінен енгізу керектігін тілге тиек етті.
Ал депутат Ернұр Әйткенов агроөнеркәсіп кешені мен экспорттың негізі саналатын фитосанитарлық қауіпсіздікті нығайтуға арналған нақты шаралар топтамасын ұсынды.