Әлемдік кітап индустриясының ең ірі әрі беделді алаңы саналатын Франкфурт халықаралық кітап көрмесі жыл сайын мыңдаған баспагер, жазушы, әдеби агент пен мәдени ұйымды бір ортаға жинайды. Кейінгі жылдары еліміз Франкфурт халықаралық кітап көрмесіне белсенді қатысып келеді. Жыл сайын елдің ұлттық стендтері ұйымдастырылып, баспагерлер мен әдеби ұйымдар шетелдік әріптестермен байланыс орнатып жатыр. Бұл көрмеге қатысу арқылы қазақ әдебиетін, мәдениетін әлемге таныстыру бағытында түрлі іс-шара өткізілді. Осы көрменің директоры Юрген Бооспен сұхбаттасып, әлемдік нарыққа шығу, аталған кітап көрмесінің маңызы туралы әңгімелестік.
– Әлемдегі ең ірі кітап көрмесі ретінде Франкфурт кітап жәрмеңкесі қазір қандай миссияны көздеп отыр?
– Бүгінде Франкфурт кітап жәрмеңкесі авторлық құқықтар мен контент алмасатын әлемдегі ірі алаң ғана емес, сонымен қатар мәдениеттер тоғысатын, кәсіби пікірталас жүретін жаһандық платформаға айналды.
Қазіргі геосаяси және технологиялық өзгерістер үдей түскен заманда біздің басты міндетіміз – халықаралық баспа желілерін нығайту, сөз бостандығын қорғау, өңірлер арасындағы тұрақты ынтымақтастыққа жол ашу.
Біз қалыптасқан нарықтар мен жаңа қалыптасып келе жатқан әдеби кеңістіктерді бір-бірімен байланыстырып, жәрмеңке аяқталғаннан кейін де жалғасатын ұзақмерзімді серіктестіктің орнауына ықпал еткіміз келеді.
– Кейінгі жылдары әлемдік баспа индустриясында қандай ірі өзгерісті байқадыңыз?
– Қазіргі уақытта баспа индустриясы терең құрылымдық өзгерісті бастан өткеріп жатыр. Цифрлық тарату арналарының кеңеюі, аудиокітап форматының дамуы, лицензиялық модельдердің жаңаруы және жасанды интеллект технологияларының қолданылуы бұл саланың келбетін айтарлықтай өзгертіп келеді. Тіпті әлемдік әдеби кеңістікте біртіндеп әртараптану үрдісі байқалады. Бұрын халықаралық деңгейде көп көріне бермейтін өңірлер енді өз әдебиетін жаһандық нарыққа шығаруға ұмтылып жатыр. Солардың қатарында Орталық Азия да бар. Бұл аймақ халықаралық әдеби байланыстарды нығайтуға ерекше қызығушылық танытып отыр. Мұндай жаңа әдеби қауымдастық әлемдік әдеби кеңістікке тың көзқарас қосатыны анық.
– Цифрлық технологиялар мен жасанды интеллект кітап нарығын қалай өзгертеді деп ойлайсыз?
– Сіз атап өткен бұл құралдар аударма үдерістеріне, метадеректерді басқаруға, авторлық құқық мәселесіне, кітаптарды іздеуге, нарықтық талдауға ықпал етіп жатыр. Оның әсері кейде оң, кейде күрделі болуы мүмкін. Дегенмен дұрыс бағытынан қарасақ, жасанды интеллект жұмыс тиімділігін арттырып, контентке қолжетімділікті кеңейте алады. Бүгінде ЖИ-дің бастапқы эксперименттік құралдан баспа ісінің күнделікті өміріне енген маңызды элементке айналып келе жатқанын көріп отырмыз. Соған қарамастан, әдебиет ең алдымен, адам рухының жемісі болып қала береді. Әңгімелеу өнерін, мәдени астарды, ой тереңдігін ешбір алгоритм толықтай алмастыра алмайды. Сондықтан баспа саласының басты міндеті – технологиялық жаңалықтарды жауапкершілікпен енгізіп, шығармашылық еркіндік пен редакциялық тәуелсіздікті сақтап қалу.
– Әдебиет халықтар арасындағы өзара түсіністікті нығайта ала ма?
– Әрине, әдебиет мұндай рөл атқара алады. Кітап арқылы оқырман басқа қоғамды саяси ұрандар арқылы емес, нақты адам тағдырлары мен өмірлік тәжірибелер арқылы таниды. Аударма мен халықаралық деңгейдегі таралым шығармалардың шекара сыртындағы әлемге жетуіне мүмкіндік береді. Осы арқылы адамдар арасындағы түсіністік пен мәдени сауаттылық артады. Ал кітап жәрмеңкелері мұндай байланыстарға нақты һәм кәсіби негіз қалайды. Олар баспагерлерді, авторларды және мәдени институттарды бір ортаға жинап, ұзақмерзімді мәдени қарым-қатынастың қалыптасуына ықпал етеді.
– Қазіргі геосаяси жағдайда кітап пен мәдени диалогтің маңызы артты ма?
– Қазіргі белгісіздік пен саяси поляризация күшейген кезеңде терең мәдени диалогтің маңызы бұрынғыдан да арта түсті. Кітап ойлануға жетелейді. Кітаптың күшімен әлемге біржақты саяси ұрандар арқылы емес, күрделі әрі жан-жақты көзқарас арқылы қараймыз. Сондықтан баспа саласындағы халықаралық ынтымақтастық жаһандық қатынастар жүйесінде тұрақтандырушы әрі сындарлы күш бола алады.
– Франкфурт кітап жәрмеңкесіне Қазақстанның қатысуын қалай бағалайсыз?
– Кейінгі жылдары Қазақстан жәрмеңкеге белсенді түрде қатысып келеді. Біздің көрмемізге біраз уақыт жиі қатыса алмай жүрген кездері де болды. Бірақ көп өтпей қайта оралып, ұлттық стендін ұсынды, арнайы сахналық бағдарламалар мен кәсіби кездесулер ұйымдастырды. Жәрмеңкеге қазақстандық баспагерлермен қатар ұлттық баспагерлер қауымдастығының өкілдері де атсалысып келеді. Сонымен бірге Қазақстан баспа қауымдастығының өкілі біздің арнайы кәсіби бағдарламамызға үшінші рет ат ізін салды. Бұл – Қазақстан мен жалпы Орталық Азия аймағының халықаралық баспа кеңістігіне шығуға деген қызығушылығы артып келе жатқанын көрсететін оң үрдіс.
– Орталық Азия әдебиеті Германия мен Еуропа баспагерлері үшін қаншалықты қызықты?
– Орталық Азия әдебиетінде жаңалық ашуға мүмкіндік мол. Еуропалық баспагерлер әлі аударылмаған, халықаралық кеңістікке толық шықпаған әдеби шығармаларға қызығушылық танытады. Бұл жерде ең маңыздысы – танымалдылық, аудармаға қолдау көрсету және тұрақты кәсіби байланыстар орнату. Егер осы бағыттарда жүйелі жұмыс істелсе, аймақ әдебиеті біртіндеп еуропалық нарықта да өз орнын таба алады. Қазірдің өзінде бұл өңірдің әдебиетіне деген шынайы қызығушылық бар.
– Болашақта Қазақстан Франкфурт кітап жәрмеңкесінің Құрметті қонағы бола ала ма?
– Құрметті қонақ бағдарламасы – халықаралық баспа әлеміндегі ең беделді мәдени платформалардың бірі. Жеке пікірім бойынша Қазақстанның болашақта мұндай мәртебеге ие болуын елестетуге толық негіз бар. Өткен жылы Қазақстанға сапарым барысында елдің әдеби мұрасымен, қазіргі әдеби үрдістерімен, бай мәдени өмірімен жақын таныстым. Көргенім мен сезгенім ерекше әсер қалдырды. Қазақстан мәдениетінің байлығы мен алуан түрлілігі халықаралық аудиторияға да өте қызықты болары сөзсіз. Осы орайда «Nomad Culture Foundation» қорының директоры Баян Қабылаш ханымның атқарып жатқан жұмысын да атап өткім келеді. Қазақстан мәдениетін халықаралық баспа кеңістігіне таныстыру бағытындағы мұндай бастамалар ұзақмерзімді мәдени ынтымақтастықтың негізін қалыптастырады. Егер бұл бағыттағы жұмыс жүйелі түрде жалғаса берсе, болашақта жаңа мүмкіндіктің тууы әбден мүмкін.
– Егер Қазақстан мұндай мәртебеге ұмтылса, қандай дайындық қажет?
– Құрметті қонақ мәртебесін алу – бірнеше жылға созылатын мұқият дайындықты талап ететін күрделі үдеріс. Ең алдымен, Қазақстан баспагерлері Франкфурт жәрмеңкесіне тұрақты әрі белсенді қатысып, халықаралық кәсіби байланыстарын нығайтуға тиіс. Сонымен қатар қазақ әдебиетін әлемге таныстыру үшін аудармаларды қолдайтын жүйелі бағдарламаның болуы аса маңызды. Ұлттық баспагерлер қауымдастығы мен мемлекеттік құрылымдар арасындағы үйлесімді жұмыс та маңызды рөл атқарады. Кейбір елдер мұндай стратегиялық жұмысты жүргізуге арнайы ұлттық кітап институттарын да құрады. Түптеп келгенде, Құрметті қонақ болудың негізі – ел ішіндегі серпінді баспа нарығы мен халықаралық оқырманды шынайы қызықтыра алатын заманауи әдеби орта қалыптастыру. Сонымен бірге құрметті қонақ бағдарламаларының барлығында бастама қонақ елдің өз тарапынан ұйымдастырылып, қаржыландырылып, алдын ала ұзақмерзімге жоспарланып дайындалады. Бұл – сол елдің мәдениет саласына деген байыпты көзқарасты көрсетеді.
– Франкфурт кітап жәрмеңкесі жас авторлар мен тәуелсіз баспаларға қандай мүмкіндік береді?
– Біз жас баспа мамандары мен авторларға арналған халықаралық тағылымдамалар мен кәсіби даму бағдарламаларын ұсынамыз. Арнайы ұйымдастырылған кездесулер мен құқық алмасу платформалары тәуелсіз баспаларға жаңа серіктестер табуға мүмкіндік береді. Жаңа әдебиетшілерді қолдау және халықаралық әдеби кеңістіктегі әртүрлілікті сақтау – жұмысымыздың басты бағыттарының бірі.
– Алдағы он жылда әлемдік баспа индустриясы қалай өзгереді деп ойлайсыз?
– Цифрлық технологиялар мен түрлі медианың өзара байланысы одан әрі күшейеді, ал нарықтар бұрынғыдан да тығыз біріге түседі. Сонымен бірге жасанды интеллект дәуірінде сенім, мәдени шынайылық және мазмұнның сапасы ерекше маңызды болмақ. Аудармаға, халықаралық әріптестікке, мәдени ынтымақтастыққа стратегиялық тұрғыдан инвестиция салған баспа салалары жаһандық деңгейде өз орнын нығайта алады.
Әңгімелескен –
Дүйсенәлі ӘЛІМАҚЫН,
«Egemen Qazaqstan»