• RUB:
    6.68
  • USD:
    520.93
  • EUR:
    609.07
Басты сайтқа өту
Парламент Бүгін, 17:58

Жаңа заң жобасы: Қазақстанда билік жүйесі мен сайлау тәртібі қалай өзгереді?

Парламент палаталарының бірлескен отырысының екінші оқылымында депутаттар алты Конституциялық заңды қабылдады, деп хабарлайды Egemen.kz.

Парламент алғашқы кезекте жаңартылған Конституция аясында әзірленген «Қазақстан Республикасының Президенті туралы» Конституциялық заңды мақұлдады. Құжатта Президент мемлекеттің жоғары лауазымды тұлғасы ретінде айқындалып, билік тармақтарының үйлесімді жұмысын қамтамасыз ететін, Конституция мен азаматтардың құқықтары мен бостандықтарының кепілі ретінде белгіленген. Заңда кезектен тыс сайлау институтының жойылуына байланысты Президентті сайлау тәртібі, ант беру рәсімі және өкілеттік мерзімі нақтыланған.

Бұдан бөлек, Парламент «Қазақстан Республикасының Құрылтайы және оның депутаттарының мәртебесі туралы» және «Қазақстан Халық Кеңесі туралы» Конституциялық заңдарды да екінші оқылымда қабылдады. Мәжілістің мәліметінше, жаңа заң бір палаталы Парламент – Құрылтайдың конституциялық-құқықтық негіздерін айқындайды. Құрылтай 5 жыл мерзімге сайланатын 145 депутаттан тұрады. 

Қазақстан Халық Кеңесіне ішкі саясат бойынша ұсыныстар әзірлеу, Құрылтайға заң жобаларын енгізу, референдум өткізу бастамасын көтеру және мемлекет пен азаматтық қоғам арасындағы диалогты дамыту өкілеттіктері беріледі. Сондай-ақ органға Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшылары съезін ұйымдастыру міндеті жүктеледі. Кеңестің жоғарғы органы – Сессия болады.

Астана мәртебесін айқындаған заң жобасында елорда мәслихаты шетелдік жергілікті өкілді органдармен байланыс орнату, қала құрылысы құжаттарын бекіту және жер телімдерін иеліктен шығару сияқты мәселелерді қарайды. Ал әкімдікке қала құрылысы жобаларын бақылау, апаттық тұрғын үйлерді бұзуды ұйымдастыру, қаланың архитектуралық келбетін қалыптастыру және жол қозғалысын ұйымдастыру схемаларын әзірлеу сияқты міндеттер жүктеледі.

Сондай ақ Қазақстан Республикасының әкімшілік-аумақтық құрылысы туралы» заң жобасында облыстар, аудандар, қалалар, ауылдар және өзге де елді мекендердің мәртебесі айқындалып, оларды құру, қайта ұйымдастыру және тарату тәртібі бекітілген. Заңға сәйкес, әкімшілік-аумақтық өзгерістер әлеуметтік-экономикалық көрсеткіштер негізінде қаралады. Сонымен қатар әкімшілік бірліктер мен олардың шекараларын «Мекенжай тіркелімі» жүйесінде есепке алу және тіркеу тәртібі енгізіледі.

Соңғы «Бірқатар конституциялық заңдарды Конституцияға сәйкестендіру туралы» заң жобасы сайлау науқандары кезінде анықталған мәселелерді ескере отырып әзірленген.

Құжатта әкімшілік-аумақтық бірліктер қайта құрылған жағдайда сайлау комиссияларының өкілеттіктерін сақтау және ауысу тәртібін реттеу көзделген. Сонымен қатар аумақтық сайлау комиссиясы мүшелерінің бала күтіміне немесе оқу демалысына шығуына байланысты олардың өкілеттіктерін уақытша тоқтатып, орнына уақытша мүше тағайындау тетігі енгізіледі.

Заң жобасында әкімдікке кандидаттардың дауыстары тең түскен жағдайда қайта дауыс беру тәртібі де айқындалған. Бұдан бөлек, кандидаттарды ұсыну рәсімі жүйеленіп, бір азаматтың бір уақытта мәслихат депутаттығына және әкім лауазымына түсуіне, сондай-ақ бірнеше сайлау округі бойынша әкімдікке кандидат болуына шектеу қойылады.

Соңғы жаңалықтар