• RUB:
    6.68
  • USD:
    520.93
  • EUR:
    609.07
Басты сайтқа өту
Наурызнама Бүгін, 17:20

Наурызнама нақышы: салтқа берік сарбаздар

10 рет
көрсетілді

Жер аяғы кеңіп, тіршілік атаулы қайта жандана бастаған шақта қазақ жұрты бір-бірімен көрісіп, Наурыз мейрамын тойлайды. Бұл айда Самарқанның тасы сияқты адамдардың көңіл мұзы жібіп, өкпе-ренішті ұмытады. 

Бүгінде бұл дәстүр заманмен үндесіп, жаңа мазмұнға ие болды. 2024 жылы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен «Наурызнама» онкүндігі енгізіліп, Наурыз мерекесін тойлау тұтас бір мәдени-рухани бағдарламаға айналды. 14-23 наурыз аралығын қамтитын бұл кезең әр күнге мазмұн жүктеп, ұлттық құндылықтарды жүйелі түрде дәріптеуге жол ашты. Көрісу, қайырымдылық, мәдениет пен салт-дәстүр, шаңырақ, ұлттық киім, жаңару, ұлттық спорт, ынтымақ, жыл басы, тазару күндері – әрқайсысы халқымыздың дүниетанымын, өмір салтын, рухани өзегін танытады.

Осы онкүндіктің ерекше мәнге ие күндерінің бірі – Ұлттық киім күні. Бұл күн – ата-баба мұрасын қайта жаңғыртып, ұлттық болмысты заманауи өмірмен ұштастыратын тағылымды белес. Ұлттық киім – тек сәндік бұйым емес, онда халықтың тарихы, танымы, тіпті дүниеге көзқарасы қатпарланып жатыр. Әр өрнек, әр ою – ғасырлардан жеткен белгі, ұрпақтан ұрпаққа жалғасқан код.

Бүгінде сол ұлттық нақыш жаңа сипатта көрініс тауып келеді. Соның айқын бір мысалы –  Ішкі істер министрлігіне қарасты Ұлттық ұландағы әскери киім мен техникадағы қазақы өрнектердің үйлесімді қолданылуы. Мұнда әскери тәртіп пен ұлттық дәстүр біте қайнасып, ерекше мәдени мазмұн қалыптастырған.

Наурызнама онкүндігі аясында 747 спорттық іс-шара өтеді

Мемлекеттік салтанатты рәсімдердің ажарын ашатын Құрмет қарауыл ротасының киімі – ұлттық нақыштың айқын көрінісі. Бұл ротаның сарбаздары әскери шерулерге қатысып, жоғары деңгейдегі ресми іс-шараларда ел намысын білдіреді, шетелдік делегацияларды қарсы алады. Олардың әр қадамы, әр келбеті – қазақ елінің айбыны мен айшығы. Сарбаздардың үстіндегі киім тек әскери форманы емес, тұтас бір ұлттың эстетикалық болмысын паш етеді.

Құрмет қарауыл ротасының салтанатты киімі ұлттық көркемдік дәстүр негізінде әзірленген. Онда қазақтың ою-өрнек өнеріндегі ең танымал әрі терең мағыналы элементтердің бірі – «қошқар мүйіз» кеңінен қолданылған. Бұл өрнек ежелден күш-қуаттың, береке мен молшылықтың, ұрпақ сабақтастығының белгісі саналады. Киімнің әр бөлігінде көрініс тапқан осындай элементтер халықтың дүниетанымы мен мәдени жадын жаңғыртып тұр.

Ұлттық нақыш тек салтанатты киіммен шектелмейді. Ұландықтардың күнделікті және кеңселік формаларындағы погондардың өзінде қазақы өрнектердің ізі байқалады. Бұл – ою-өрнектің халқымыз үшін жай әшекей емес, мағыналық жүк көтеретін символ екенін аңғартады. Өрнек – бір жағынан көркемдік болса, екінші жағынан – рухани белгі, кейде тіпті бойтұмар.

Наурызнама нақышы

Наурызнама аясында ұлттық сипат қызметтік техникадан да көрініс тапты. Ұландықтар пайдаланатын Hyundai Staria автокөліктері қазақы ою-өрнекпен безендіріліп, заманауи техника мен дәстүрлі нақыш үйлесім тапты. Қоғамдық тәртіпті қамтамасыз ететін көліктердің осылайша ұлттық реңкке енуі – елдің мәдени кодының жаңа қырын танытады.

Бұл бастамалардың барлығы бір ғана мақсатқа саяды – ұлттық құндылықтарды тек мұражайда сақтап қоймай, күнделікті өмірдің бөлшегіне айналдыру. Ұлттық ұлан сапындағы киім мен техникадағы өрнектер – соның жарқын дәлелі.

Наурызнама: бүгін – қайырымдылық жасайтын күн

Наурыз – жаңару мен жаңғырудың мерекесі. Ал ұлттық нақыш – сол жаңғырудың өзегі. Көрісуден басталған игі дәстүр Ұлттық киім күні арқылы терең мағынаға ие болып, елдің рухын асқақтата түседі. Ұлттың болмысы тек сөзбен емес, осындай нақты көріністермен айшықталғанда ғана өміршең болмақ.

Соңғы жаңалықтар