Сенат депутаттары Бибігүл Жексенбай мен Дархан Қыдырәлі Ұлттық архив қызметкерлерімен жүздесіп, «Жаңа Конституция жобасы: негізгі бағыттар және қоғамдағы рөлі» тақырыбын талқылады. Кездесу мазмұны ел дамуының жаңа кезеңіне жол ашатын құжаттың мәнін терең түсіндіруге арналды, деп жазады Egemen.kz
Жиында сенаторлар жаңа Конституция жобасының мемлекеттігімізді нығайтып, басқару жүйесін жаңғыртудағы стратегиялық салмағына тоқталды. Құжат қоғам сұранысына жауап беретін, құқықтық кеңістікті заман талабына сай түзейтін бағыттарды қамтитыны айтылды.
Сенатор Бибігүл Жексенбай жаңа Ата заң жобасының қоғамдық маңызын айқындай келе, оның тек құқықтық құжат емес, азаматтар мен билік арасындағы жаңа қоғамдық келісімнің көрінісі екенін айтты.
«Бұл реформа азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын кеңейтіп, мемлекеттік басқару жүйесін заманауи стандарттарға сай жетілдіруге бағытталған. Дербес деректердің қауіпсіздігі, адамның жеке өмірін қорғау, балалар мен қоғамды зиянды ақпараттан сақтау – жаңа Конституция жобасының негізгі қағидаттары. Бұл нормалар әрбір азаматтың күнделікті өміріне, құндылықтарына тікелей әсер етеді. Референдум – әр азаматқа өз таңдауын жасап, тарихи үдерістерге тікелей қатысу мүмкіндігі. Сіздің дауысыңыз – жаңа Ата заңның қалыптасуына және еліміздің болашағына ықпал етеді. Ал архив қызметкерлері – тарихи құжаттарды сақтаушылар ғана емес, елдің рухани жадына жауапты, осы тарихи кезеңнің мәнін терең түсінетін қауым», деді ол.
Еліміздің спортшылары мен өнер иелері жаңа Конституция жобасын қолдады
Өз сөзінде сенатор Дархан Қыдырәлі архив саласының реформалардағы орнын атап өтті.
«Сіздердің еңбектеріңіз жаңа заң жобасының іске асуына тікелей үлес қосады. Мұрағат ісін цифрландыру, деректер қорын дамыту, материалдық-техникалық базаны нығайту, архив құжаттарын сақтаумен қатар, олардың қауіпсіз әрі қолжетімді болуын қамтамасыз ету – бұл реформаның нақты және маңызды бағыттарының бірі», деді ол.
Ақсу жастары облыс әкімімен жаңа Конституция жобасын талқылады
Кездесу соңында сенаторлар 15 наурызда өтетін республикалық референдумның ел тағдыры үшін мәні зор екенін айтып, архив ұжымын және барша азаматты маңызды саяси науқанға белсенді қатысуға үндеді.
Референдум және жаңа Конституция: Халық көп жиналатын орындарда ақпараттық жұмыс жанданды